Алматы облысындағы апаттық құтқару жұмыстары басталысымен 425 адам құтқарылып, 2021-і қауіпсіз жерге көшірілді

АСТАНА. Наурыздың 16-сы. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы апаттық құтқару жұмыстары басталысымен наурыздың 15-індегі сағат 22-дегі жағдай бойынша 425 адам құтқарылып, 2021-і қауіпсіз жерге көшірілді.
None
None

Бұл ақпаратты еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратып отыр.

Сонымен қатар зардап шеккен 211 адамға медициналық көмек көрсетілсе, оның 21-і балалар. Олардың 204-і жеңіл, 7-еуі орташа және 1-еуі ауыр жарақат алған. Арасында 2 бала бар 8 адам ауруханаға жеткізілді.

ТЖМ-нің атап өтуінше, жергілікті атқарушы органдар зардап шеккен халықты орналастырып, өмірге қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, оларды Талдықорған қаласындағы әлеуметтік мәдени-тұрмыстық нысандарға орналастыру мәселелерін шешкен.

Наурыздың 14-15-інде Қызылағаш ауылының қаза тапқан тұрғындарын жерлеуге көмек ұйымдастырылды.

Зардап шеккен халықты және облыстық төтенше жағдайлар мен жасақталған мемлекеттік органдардың жеке құрамдарын ыстық тамақпен қамтамасыз ету ұйымдастырылды. Ол 1700 адамды қамтыды. Зардап шеккен тұрғындар үшін далалық тамақтандыру бекеттері ашылды. Палаткалық лагерлер ауданында алғашқы қажетті заттарды сататын бекеттер ұйымдастырылды. Азық-түліктер мен мал азығы (236 орам шөп) жақын елді мекендерге ҚР ТЖМ құтқару бөлімшесінің автомашиналарымен, ал қашықтағы ауылдарға ҚР ТЖМ Қазавиақұтқару мен ҚР ҚМ әскери бөлімдерінің тікұшақтары арқылы жеткізу жүзеге асырылуда.

ТЖМ-нің хабарлауынша, трансформаторлық подстанция жөнделген. Электр желісіне зардап шеккен ауыл тұрғындары орналастырылған мектеп, палатка қалашығы және 10 тұрғын үй қосылған. Сумен қамтамасыз ету жүйесі қалпына келтірілуде. Мектеп пешін жөндеу, жылыту жүйесін монтаждау жұмыстары жүргізіліп, білім ошағына 6 тонна дизел отыны жеткізілді.

Гуманитарлық көмек ҚР Мемлекеттік материалдық резервтен көрсетілуде, атап айтқанда 3 айға 3000 адамды қамтамасыз ететін палаткалар, жылыту пештері, төсек жабдықтары, азық-түліктер жеткізілді. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қызыл жарты ай қоғамы матрацтар, одеялдар, төсек жабдықтары, ас үй жиынтықтары, жеке тазалық заттарын беріп отыр.

Іздеу-құтқару жұмыстары барысында 37 адамның денесі табылды, оның 9-ы - еркек, 17-сі - әйел, 11-і - бала. Төтенше жағдай зардабын жоюға 1171 маман мен 220 техника жұмылдырылды. Іздеу-құтқару жұмыстары жалғасуда.

Айта кетейік, жауынның жол түсуінен және ауа температурасының жоғарлауынан наурыздың 12-сі күні түнгі 00:03-те «Қызылағаш» су қоймасының плотинасы бұзылып, соның салдарынан Алматы облысы Ақсу ауданының Қызылағаш ауылын су басып қалған болатын.

Соңғы жаңалықтар