Алматы облысының 200 мыңнан астам тұрғыны ревакцинация курсынан өтті
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының 200 мыңнан астам тұрғыны ревакцинация курсынан өтті. Өңірде халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациялау жалғасуда, - деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс тұрғындары үшін 318 медициналық, 76 мобильді және 17 жылжымалы вакцинация пункттері жұмыс істейді. Бүгінгі күні вакцинаның бірінші компонентін 996 182 адам алды. Бұл тиісті контингенттің 83% – ын құрайды, екінші компонентті - 896 012 азамат немесе иммундауға жататын ересек халықтың 74,7% - ы алды.
Айта кету керек, Ақсу, Балқаш, Қарасай аудандары мен Қапшағай, Текелі қалаларының тұрғындары COVID-19-ға қарсы 100% егілді.
«Бұдан басқа, 102 355 адам Comirnaty (Pfizer) вакцинасын алды, оның ішінде 84 225 жасөспірім, 3918 жүкті және лактация кезеңінде 14 212 әйел адам бар.
Сондай-ақ, 210 943 адам ревакцинацияның толық курсынан өтті, оның ішінде 202 313 адам «QazCovid-in» және «SinopharmVeroCell» вакциналарын алса, 8630 адам Comirnaty (Pfizer) вакцинасымен егілді.
Қазіргі уақытта облыс тұрғындары үшін вирусқа қарсы препараттардың төрт түрі қолжетімді, олар: Гам-КОВИД-ВАК (Спутник V), «QazCovid-in», «SinopharmVeroCell» және жасөспірімдер, жүкті, бала емізетін әйелдер үшін, сондай-ақ 50 жастан асқан азаматтар және медицина қызметкерлері үшін Comirnaty (Pfizer) екпесі бар»,- делінген Алматы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Ведомствоның ақпаратына сәйкес, вакцинацияға рұқсат алу үшін өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге, тіркелген жеріңіз бойынша мейірбикеңізге жүгіну немесе eGov.kz порталында электрондық өтінімді жіберу арқылы алдын ала жазылу қажет. Жасөспірімдерге вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілдерінің ақпараттандырылған келісімімен жүргізіледі.