Алматы облысының әкімі Астана күніне орай құттықтау жолдады
***
Құрметті Алматы облысының тұрғындары!
Сіздерді Елордамыз Астана күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың стратегиялық көрегендігімен бас қала атанған, ажары кіріп, айбыны асқақтаған Астана бүгінгі күні еліміздің бойтұмарына айналды, тұрақты дамудың, өсу мен өркендеудің даңғыл жолына түсті.
Қазіргі Астана - саяси көшбасшылар, іскери серіктестер мен инвесторлар, діндер мен конфессия өкілдері, зиялы қауымның кездесіп, кеңес құратын орны, шығармашылық жоспарларды, инновациялық идеялар мен батыл бастамаларды жүзеге асыру алаңы.
Құрметті жерлестер!
Астана мерекені жаңа жетістіктермен, тың күшпен, шалқар шабытпен қарсы алып отыр. Біздің жас та көркем, қадамы нық қаламыздың жыл өткен сайын маңызы артып, мәртебесі өсе түсуде. Қай-қайсымыз да Елорданың тарихымен, дәстүрімен, мәдениетімен және қайталанбас қолтаңбасымен мақтанамыз.
Баршаңызды осы қуанышты мереке күнімен құттықтаймын!
Сіздерге мықты денсаулық, баянды бақыт, бейбітшілік пен молшылық тілеймін!