Алматы облысының әкімі ауыл шаруашылығындағы басым бағыттарға назар аудару керектігін тапсырды

Жиында Елбасының өткен жылғы Алматы облысына жасаған сапарында атап көрсеткен кемшіліктерін жою мен айқындап берген бағыты бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен талқыланды. Жиында облыс әкімінің орынбасары Серікжан Бескемпіров ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайы мен келешектегі дамуы туралы баяндама жасады. Баяндамашының хабарлауынша, биылғы жылы «Агробизнес - 2020» бағдарламасы шеңберінде өңірдің ауыл шаруашылығын қолдау үшін бюджеттен 24,7 млрд. теңге бөлінген, оның 21,9 млрд.теңгесі ауыл шаруашылығы өндірісін судсидиялауға бағытталған. Өткен төрт айда 5,9 млрд. теңге игерілді. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алаңы 926,9 мың гектарды құрайды, бұл 2014 жылмен салыстырғанда 5,9 мың гектарға артық. Соның ішінде, Елбасы тапсырмаларында айтылған қант қызылшасын, жүгері өсіруге ерекше ден қойылып отыр. Мәселен, биылғы жылы қант қызылшасының егістігі 2,7 мың гектарға, дәндік жүгері - 2,6 мың гектарға, арпа - 5,7 мың гектарға, жемшөптік дақыл - 4,1 мың гектарға ұлғайды. Сол сияқты қант қызылшасын өсіру мен өңдеу жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында құрылған сервистік-дайындау орталықтарының жұмысына, Көксу қант зауытының өнім қабылдау маусымына дайындық барысына да тоқталып өтті. Сонымен қатар, баяндамашы агроөнеркәсіп кешені бойынша жұмыстары ақсап жатқан аудандарды да назардан тыс қалдырған жоқ. Мұнан соң сөз алған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ерлан Шинтуринов Алматы облысы мен Алматы қаласының азық-түлік балансына жүргізілген талдау қорытындылары туралы айтып, облыс агроөнеркәсіп кешенін дамытудағы басым бағыттарды жіктеді. Сонымен қатар, жиында «КазАгроӨнім» АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Анас Баққожаев, Қарасай ауданындағы «Мадмар» шаруа қожалығының басшысы Дәулет Тоқпақбаев, Алакөл ауданындағы «Архарлы Майбүйрек» ЖШС директорының орынбасары Ержан Нүсіпов, Қарасай ауданындағы «Медеу Коммерц» ЖШС басшысы Лаура Түктікбаева мал тұқымын асылдандыру, мал бордақылау, жылыжай жұмысын жандандыру, сүт өңдеу мәселелері туралы өз ой-пікірлерін ортаға салды. Жиын соңында облыс әкімі Амандық Баталов Агроөнеркәсіптік кешендегі басты бағдар Елбасы көрсетіп берген ирригациялық жүйелерді реттеп, іске қосу, пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға қосу, қант қызылшасы мен жүгері өсіруге ден қою сияқты басым бағыттар ерекше назарда болуы тиіс екенін айтты. «Оны жүзеге асыруда мемлекеттік бағдарламалардың тетіктерін мақсатты, нәтижелі пайдалана білуіміз қажет. Осы саланы алға жетелейтін игі бастамаларға қолдау танытып, жұмыс істеймін, шаруашылықты өркендетемін деген азаматтарға жәрдемдесеміз. Аудан әкімдері, ауыл шаруашылығын дамыту ісінде сіздер бастамашы, лидер болуға тиіссіздер», - деді аймақ басшысы.