Алматы облысының әкімі: Конституция - одан әрі өркенді дамудың, қоғамдық келісімнің символы

ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңір жұртшылығын Қазақстан Республикасы Конституциясының 20 жылдық мерейтойымен құттықтады.
None
None

Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Ата Заңымыз қабылданған 20 жыл ішінде қазақстандық қоғамның дамуына жан-жақты жағдай жасалды, елімізді мекендеген, бір мақсатқа жұмылған азаматтардың тең құқықтары мен бостандықтары қамтамасыз етілді.

Біздің республикамыз жеңісті кезеңдерді, жемісті жолдарды жүріп өтті, көп этносты халқымыздың мүддесін қорғайтын Конституциямыздың арқасында еліміздің әрбір тұрғынына бейбіт өмір сүруге, алаңсыз жұмыс істеуге, тегін білім алуға, ұрпақ тәрбиелеуге мүмкіндік жасалды. Бүгінгі күні Конституция қазақстандықтар үшін одан әрі өркенді дамудың, қоғамдық келісімнің символына айналған. Сондықтан әрқайсымыз да Ата Заңымызды құрметтеп, онда белгіленген талаптар мен құндылықтарды ұстануға тиіспіз.

Қазақстан қазіргі кезде дамудың жаңа векторын таңдады, Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 5 институционалды реформаны жүзеге асыру бағытында 100 нақты қадамды белгілеп, Ұлт жоспарын ұсынды. Бұл - біз үшін мемлекетіміз бен халқымыздың әлеуетін танытатын болашаққа жасалған даңғыл жол. Біз нақты жоспарларымызбен алға жылжып келеміз. Мұның бәрі Елбасымыздың көреген саясатының арқасында жүзеге асуда.

Біз тәуелсіз, азат, гүлдену жолындағы мемлекетте өмір сүріп отырмыз. Алматы облысының халқы да еліміздің одан әрі өркендеуіне өзінің елеулі үлесін қосуда. Өндіріс пен бизнес өркен жайып, жыл өткен сайын білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларын қаржыландыру көлемі ұлғайып келеді, облыс тұрғындарының жайлы ғұмыр кешуіне барынша жағдай жасалуда. Бұл бағыттағы жұмысты жетісулықтармен бірлесіп жалғастыратын боламыз.

Осы мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен бақ, қуаныш пен татулық тілеймін. Дендеріңіз сау, еңбектеріңіз жемісті, заманымыз тыныш, еліміз аман болсын!»,-делінген құттықтауда.

Соңғы жаңалықтар