Алматы облысының экономикасына 371,8 млрд. теңге инвестицияланды
ТАЛДЫҚОРҒАН. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Алматы облысында экономиканы дамытуға 2011 жылы 371,8 миллиард теңге салынды (болжамның 114 пайызы).
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Амандық Баталовтың хабарлауынша, инвестициялардың көп бөлігі өндірістік салада игерілді. Бұл салада Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Іле және Панфилов аудандары, сондай-ақ Талдықорған қаласы қанағат етерлік көрсеткіштерімен көзге түсті.
2011 жылы облыста 172,9 миллиард теңгеге (өсімнің 8,8 пайызы) құрылыс жұмыстары жүргізілді. 702,1 мың шаршы метр тұрғын үй салынды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасын іске асыру барысында үш қалада жалпы сомасы 323 миллион теңгені құраған 27 көп пәтерлі үй жөндеуден өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту бағдарламасындағы ережелердің іске асырылуы көптеген үйлерді жаңартуға мүмкіндік берді.