Алматы облысының кәсіпкерлері «Алатау-Кедендік рәсімдеу орталығының» қайта іске қосылуын талап етуде

Бұл туралы кәсіпкерлер бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті.
Аталмыш кедендік бекеттің таратылуы салдарынан кәсіпкерлер жүктерді кедендік тұрғыда рәсімдеу үшін Алматы Мемлекеттік кірістер департаменті мен Талдықорған қаласында орналасқан Алматы облыстық Мемлекеттік кірістер департаментінің құзыретіне қарасты кедендік бекеттерде рәсімдеуге мәжбүр болуда. Ал бұл үшін жүктерді 280 шақырыман астам жерге апарып, қайтып алып келуге тура келеді.
Одан басқа, кәсіпкерлер мұндай жол жүрудің тауарлар мен өнімдер бағасының қымбаттауына әкеп соғатындығын жасырмады.
«Бұл Іле ауданы кәсіпкерлерінің құқығына шек қою», - дейді олар.
Кәсіпкерлер бұған дейін жұмыс істеп келген «Алатау-Кедендік рәсімдеу орталығы» кедендік бекетінің жұмысын қайта жандандыру керек деп санайды.
Айта кетелік, «Алатау-Кедендік рәсімдеу орталығы» Алматы облысының Іле ауданындағы Байсерке кентінде орналасқан болатын.