11:52, 08 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Алматы облысының полицейлері «КамАЗ» көлігінің жүргізушісіне қарақшылық шабуыл жасаған қылмыстық топты қолға түсірді
ТАЛДЫҚОРҒАН. Қыркүйектің 8-і. ҚазАқпарат /Сандуғаш Дүйсенова/ - Ақсу аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері мен Алматы облысы криминалды полиция басқармасының қызметкерлері сейсенбі, қыркүйектің 7-сі күні Алматыда қарақшылық шабуыл жасаған деген күдікпен төрт адамды қолға түсірді.
Облыстық ІІД баспасөз қызметі хабарлағандай, тамыздың 12-сі күні «Алматы-Өскемен» автожолының 331-ші шақырымында бетперде киген белгісіз төрт адам «КамАЗ» автокөлігінің жүргізушісін тоқтатып, күш қолдана отырып және мылтықпен қорқытып 1,5 млн. теңгені алып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері қылмыскерлер мінген автокөліктің металл бөлшектерінен басқа, көзге көрінер дәлел таба алмаған. Дәл сол металл қалдық қылмыскерлердің ізін ашуға көмектескен.
Қолға түскен қарақшылар өз кінәларын мойындады. Қылмыстық топтың Алматы облысы аумағында жасалған басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексеріліп жатыр. «Тайота Карина» автокөлігі дәлел ретінде тәркіленді.