Алматы облысының полицейлері үш жасар баласын өлтірген адамды құрықтады

Облыстық ІІД баспасөз қызметінен хабарлағандай, қылмыс Алматы облысының Райымбек ауданындағы Қытай Халық Республикасымен шекаралас орналасқан шалғайдағы жайылым учаскелерінің бірінде тіркелді.
Жергілікті полиция бөлімшесіне түскен ақпарат бойынша, оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы басында кесілген жарақаттары бар үш жасар баланың денесін тапты. Оқиға орнында болған жас келіншек баланы оның күйеуі, яғни туған әкесі өлтіргенін хабарлаған. Жақын жерлерді тінткен полицейлер таулы жерде жасырынып жүрген 38 жастағы күдікті азаматты ұстады.
Алдын ала тергеу барысында анықталғаны, ерлі-зайыптылар қатты сөзге келіп қалған. Отбасылық жанжал кезінде әйел азаматша өзінің үлкен қызын алып, долданған күйеуінен қораға жасырынған. Үй ішінде үш жасар бала қалыпты. Оны көрген әкесі қолына балтасын алып, шақадай баланы басынан ұрып өлтіріп, денесін иттерге тастаған.
Қазіргі уақытта адам өлтіру фактісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдікті адам психиатриялық сараптаманы күтіп, қамауда отыр. Сараптама оның ақыл-есі кем немесе дұрыс екендігін анықтауы тиіс.