17:09, 20 Наурыз 2014 | GMT +5
Алматы облысының тұрғынынан 1328 ондатр аңының терісі тәркіленді
ТАЛДЫҚОРҒАН. ҚазАқпарат - Полицейлер Mercedes-Benz автокөлігінің салонынан 1328 ондатрдың терісін тапты, деп хабарлады Алматы облыстық ІІД баспасөз қызметінен.
«Қапшағай-Бақанас-Қараой» тас жолының 179-ші шақырымында тоқтатылған көлікті Балқаш ауданы Бақанас ауылының 40 жастағы тұрғыны жүргізген.
«Бұл жануарларға қатысты кәсіпшілікпен айналысуға рұқсат ететін қандай да бір құжаттарды көрсете алмаған ер адам терілерді белгісіз біреуден қолма-қол ақшаға сатып алып, кейін Алматыда саудаламақ болғанын айтып ақталды», - делінген хабарламада. Полицияның мәліметтеріне сәйкес, жануарларды өлтіру салдарынан мемлекетке келген шығын 12,3 млн. теңгеге бағаланды. Енді аталмыш дерекке қатысты браконьерлік фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалады.