Алматы полицейлері тән саудасы орындарын анықтады
Тәртіп сақшылары бұл жолы, әсіресе, қаладағы Сейфуллин даңғылы бойында орналасқан қонақ үйлерді, сауналар мен кафе-барларды тексерді.
Тексеру нәтижесінде, бір ғана сенбіге қараған түннің өзінде Сейфуллин даңғылының бойынан Түркісіб аудандық Ішкі істер басқармасына 53 жезөкше жеткізілген. Олардың тек біреуі ғана жергілікті тұрғын болып шықты. Қалғандары еліміздің әр түкпірінен келгендер. Одан басқа, олардың ішінен Өзбекстанның екі азаматшасы да анықталды. Олар Қазақстанға еліміздің көші-қон заңнамасын бұзып келген.
Осы шараның барысы және нәтижесі туралы Алматы қаласы ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қанат Таймерденов: «Аталған мекемелерден басқа, үлкен жолдардың жиектері және жүргінші жолдар тексерілді. Көп жағдайда автокөлік басқарғандар, сол жол жиектерінде тұратын жеңіл жүрісті қыздармен келісу үшін жол ережесін бұзуға дейін баратындары жасырын емес. Тағы бір айта кететін жәйт, қыздарға келетін клиенттердің ішінде кей жағдайда оперативтік қызығушылық туғызатындары да болады. Енді осы шара барысында анықталған адамдар тиісті тәртіп бойынша аудандық ішкі істер бөлімдеріне жеткізіліп, арнайы тіркеу бойынша, олардың қандай да бір қылмыстарға қатысы бар-жоқтығы тексеріледі. Ал ұсталған қыздардың көпшілігінің жеке куәліктері жоқ болып шықты. Сондықтан, олар осы шара нәтижесі бойынша арнайы қабылдаушы-бөлуші мекемеге жөнелтіледі. Ұсталған шетелдік азаматшалар сот шешімі бойынша өз елдеріне қайтарылады. Сейфуллин даңғылы бойында жүргізілген тексеру шарасынан кейін, жеңіл жүрістегі қыздар мен олардың «жеңгетайлары» басқа жолдардың маңайларындағы қонақ үйлерге, сауна, кафе және мейрамханаларға ауысатыны белгілі. Біздің келесі оперативтік алдын алу шарамыз енді сол жолдардың маңындағы тиісті орындарға бағытталады», - деді.
Айта кетейік, Алматы қаласында тұрақты негізде «Стоп трафик» оперативтік алдын алу шарасы өтіп тұрады. Ондағы мақсат - адам саудасы, жеңгетайлықпен айналысу және адамды қанау мақсатында ұрлау секілді бағыттарда орын алып жатқан қылмыстарды ашу. Тексеру шаралары барысында полицейлер әдетте сауналарды, барларды және қаланың басқа да көңіл көтеретін орындарын тексереді.