19:15, 30 Мамыр 2015 | GMT +5
Алматы полициясы автокөлік айнасын ұрлаумен айналысып келген ұрыны қолға түсірді
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы автокөлік айнасын ұрлаумен айналысып келген кәнігі ұрыны қолға түсірді. Бұл туралы бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.

«28 жастағы ер азамат Алматы қаласының «Самал-2» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің маңында тұрған «Тойота Камри» автокөлігінің айнасын ұрлап жатқан сәтінде ұсталды. Белгілі болғанындай, қаскүнем, жәбірленушіге 40 мың теңге көлемінде залал келтірді», - делінген хабарламада.
Тексеру барысында ұсталған азаматтың Жамбыл облысының тумасы екендігі және дәл осындай қылмыстармен бұған дейін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды.
Сонымен қатар, ұсталған азаматтың бостандыққа шыққан соң да осындай ондаған қылмысты жасағаны анықталды. Мұны ұсталған азаматтың өзі де мойындап отыр. Тергеу амалдары одан әрі жалғасуда.