Алматы соттары тараптарға 200 мыңнан астам смс-хабарлама жолдау арқылы бюджет шығыстарын барынша қысқартты (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Алматы қалалық сотында 2015 жылы сот төрелігін іске асырудың қорытындылары бойынша Алматы қаласы судьяларының кеңесі болып өтті.
Іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми, Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай, қала судьялары, сот кеңсесінің басшысы және қызметкерлері қатысты.
Кеңес жұмысын Алматы қалалық сотының төрағасы Ақжан Ештай ашты. Өз сөзінде ол өткен жыл ішінде қалалық соты судьяларының сот төрелігін іске асырудың қорытындылары туралы айтып өтті.
Ол Алматы қаласының соттарына 2015 жылы 150 мыңнан астам сот істері келіп түскенін, яғни 2014 жылдың осы кезеңіне қарағанда, 6 мың іске артық екеніне тоқталды. Оның айтуынша, істер санының арта түсуіне Алматы қаласына Алматы облысының бірқатар ауылдық округтері мен елді мекендерінің қосылуы басты себеп болып отыр. Бұл ретте, істердің өсе түсуі сот төрелігін іске асырудың сапасын төмендеткен жоқ. Одан басқа, есепті кезеңде сырттай іс жүргізу тәртібінде шығарылған шешімдер саны азая түскен. 2015 жылы сырттай тәртіпте 11 728 шешім, ал 2014 жылы 22 658 шешім шығарылған.
Алматы қалалық соты кеңсесінің басшысы Б.Асанбеков кеңеске жиналғандарды электрондық сот төрелігін енгізу бойынша атқарылған жұмыстар жайынан ақпараттандырды. 2015 жылы сотқа электрондық түрде 20 784 арыз келіп түскен, ол 2014 жылға қарағанда 47%-ға артық (11 029). Сот ісін жүргізу қатысушыларын e-sud арқылы, оларға шақыру қағазын жіберу жолымен, жедел түрде хабардар ету жобасы табысты іске асырылған. Өткен жыл ішінде қала соттары тараптарға 200 288 смс-хабарлама жолдаған. Бұл бюджеттік шығыстарды барынша қысқартуға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, кеңейтілген кеңес барысында Алматы қаласының кейбір аудандық және оған теңестірілген соттары төрағаларының баяндамалары тыңдалды.
Кеңесті Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми қорытындылады. Ол қатысушыларды «100 нақты қадам - баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт Жоспарының соттарды реформалауға бағытталған 11 қадамының іске асырылуы туралы ақпараттандырды. Заңнаманы жаңарту, сапалы сот корпусын қалыптастыру, сот төрелігінің үш сатылы жүйесіне көшу, сот залдарын аудио,- бейнетіркеу жүйелерімен жабдықтау жөніндегі жұмыстарға ерекше тоқталды.
«Ұлт Жоспарын іске асыру сот жұмысының тиімділігін едәуір арттырады және судьяларға сот төрелігін сапалы іске асыруға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Қ.Мәми өз сөзінде.
Одан әрі Жоғарғы Сот Төрағасы Алматы қалалық сотының 2015 жылғы жұмысының негізгі көрсеткіштеріне баға берді. Соттар жұмысының біршама жақсара түскенін, тұтастай алғанда, сот төрелігін іске асырудың сапасы бойынша оң динамика барын атап өтті.
Соттағы кадр саясаты нәтижелі жүргізілуде. Мәселен, соңғы үш жылда Алматы қаласы соттарының шамамен 40 қызметкері судья болып тағайындалған. Бұл алғаш тағайындалған қала судьяларының жалпы санының шамамен 75%-ын құрайды.
Сонымен бірге, әлі де жақсартуды қажет ететін бірқатар кемшіліктер атап өтілді. Атап айтқанда, азаматтық істер бойынша соттар жұмысы сапасының біршама төмендеуі байқалып отыр. Мәселен, 6 айдан астам мерзім ішінде қаралған азаматтық істер саны 54%-ға артқан. Экономикалық соттан басқа, Әуезов ауданының № 2 аудандық сотында (17), Медеу (12) және Жетісу (12) аудандық соттарында қаралған істер саны көп. Одан басқа, республика көлемінде барлық тоқтатылған азаматтық істердің 78%-ы Алматыға тиесілі.
Қала соттарында қаралған істердің мол екеніне қарамастан, татуластыру рәсімдері мен медиация өте аз қолданылады. Сондай-ақ, қылмыстық сот төрелігін іске асыруда және апелляциялық сатыдағы жұмыста кемшіліктер анықталды. Сот қызметкерлері арасында кадрлардың тұрақтамауы байқалды.
Сот корпусының алдына ағымдағы жылға бірқатар міндеттер қойылды.
Жоғарғы Сот Төрағасы Ұлт Жоспарын іске асыруға байланысты күрделі жұмыс күтіп тұрғанын баса айтты. Жаңа үш сатылы сот жүйесінде облыстық соттардың жұмысына ерекше назар аударылады. Сот төрелігінің сапасы жеке алынған өңірде кассация қорытындылары бойынша нақты белгілі болады.
«Мен үшін ең бастысы, күші жойылған сот актілерінің саны не пайызы емес, азаматтардың өңірлік соттарға деген сенімінің артуы маңызды. Облыстық соттың халық алдындағы жауапкершілігі біршама артты, өйткені істердің кейбір бөлігі Жоғарғы Соттың соттылығына жатпайды», - деді Қ.Мәми.
Ол сот басшылығының назарын сот практикасын тұрақты талдау қажеттілігіне, сапалы түрде азаматтарды жеке қабылдау жөніндегі жұмысты жүргізуге, бұқаралық ақпарат құралдарымен диалогты орнатуға, электрондық сот төрелігін дамыту жөніндегі жұмыстарға аударды. Сондай-ақ, апелляциялық алқалардың төрағаларына үлкен жауапкершілік артылып отыр.
«Соңғы жылдар ішінде апелляция сот төрелігі жүйесінде негізгі рөлін жоғалтып алды. Дегенмен, нақты осы саты, барлық әлемдегідей, неғұрлым беделді және шешуші болуы тиіс», - деп атап өтті Жоғарғы Сот Төрағасы.
Кеңес шеңберінде сайлау заңнамасын бұзуға байланысты шағымдар мен арыздарды қарау кезіндегі заңдылықты қамтамасыз ету қажеттілігі айтылды. Әсіресе, мұндай істер қысқа мерзімде қаралуға жататыны және ол судьялардан жеделділікті талап ететіндігі көтерілді. Мұндай істерді шешу кезінде метериалдық және процестік құқық нормаларын дұрыс қолданбауға жол берілмейді.
Жоғарғы Сот Төрағасы жергілікті соттарда кәсіби тәжірибесі мен білімдері мол судьялардың аз еместігін айтты. Осындай қолда бар әлеуетті еліміздегі құқықтың және заңның үстемдігін нығайту үшін пайдалану керек. «Судьялар, сот билігінің өкілдері ретінде, өз ой-өрістерін ұдайы кеңейте түсіп, оның ішінде халықаралық құқық және сот практикасының қазіргі заманғы беталысын біліп отыруы тиіс», - деді Қ.Мәми.
Сөз соңында үстіміздегі жылы Алматы қаласы соттарының судьялары алға қойылған міндеттердің сапалы іске асырылуын қамтамасыз етеді деген сенімін білдірді.
