Almaty Superski: Көк-Жайлаудағы жаңа курорт инклюзивті орта қалыптастырады

АЛМАТЫ.KAZINFORM — Алматы маңындағы таулар енді жасына және физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан әрбір адам үшін қолжетімді болмақ. Осы қағиданы іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында Көк-Жайлау үстіртінде «Almaty Superski» жобасын іске асырып жатқан «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясы «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ төрағасы Ұлан Инкарбековпен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Almaty Superski: Көк-Жайлаудағы жаңа курорт инклюзивті орта қалыптастырады
Фото: «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ

Құжат болашақ тау курортының инклюзивті инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша тараптардың ниетін бекітеді. Қазақстандық тараптан меморандумға «Kazakh Tourism Development Ltd.» басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев қол қойды. Келісім шеңберлік сипатқа ие және 5 жыл мерзімге жасалып, тараптардың өзара келісімі бойынша кейін ұзартылуы мүмкін.

Құжатқа сәйкес, Ұлан Іңкәрбеков мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін курорттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша жобаға сараптамалық және консультациялық қолдау көрсетеді. Бірлескен жұмыстың аясында Қазақстан Республикасының заңнамасы мен халықаралық қолжетімділік стандарттарына сәйкес орналастыру нысандарына, қозғалыс бағыттарына, тамақтану орындары мен сервистік аймақтарға арналған инклюзивті инфрақұрылым стандарттары мен талаптары әзірленеді.

— Almaty Superski — біз барлық алматылықтар үшін салып жатқан жоба. Қолжетімділік техникалық тапсырманың жай ғана бір тармағы болмауы керек, ол курорт философиясының алғашқы шешімдерінен бастап негізіне айналуы тиіс. Алматы қалалық мүгедектер қоғамымен ынтымақтастық бізге әрбір қадамымызды мүмкіндігі шектеулі қонақтардың қажеттіліктерін кез келген жобалаушыдан жақсы түсінетін жандармен бірге саралап отыруға мүмкіндік береді, — деді Ержан Еркінбаев.

Тараптар сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға бейімделген спорттық және рекреациялық бағдарламаларды бірлесіп әзірлеу туралы келісті. Мүгедектер қоғамының өкілдері инклюзивтілік пен туристік ортаның қолжетімділігі тақырыбына қатысты жобаның қоғамдық іс-шараларына, таныстырылымдарына және салалық талқылауларына қатысады.

Almaty Superski: Көк-Жайлаудағы жаңа курорт инклюзивті орта қалыптастырады
Фото: «Алматы қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ

— Мүгедектігі бар адамдар үшін тауға шығу ұзақ уақыт бойы қолжетпес арман болып келді. Бүгінде Қазақстанда алғаш рет инклюзия кейіннен қосылатын элемент емес, жобаның басынан бастап негізге алынатын бастама пайда болып отыр. Біздің қауымдастық үшін бұл тек табиғатқа тең қолжетімділікке ие болу ғана емес, сонымен қатар баршаға шын мәнінде ыңғайлы орта қалыптастыруға атсалысу мүмкіндігі, — деп атап өтті Ұлан Іңкәрбеков.

Ынтымақтастық аясында қоғам өкіліне ұйымдастырушылық және ақпараттық қолдау көрсетіліп, курорт тұжырымдамасына қатысты жобалық құжаттар мен материалдар ұсынылады. Тараптар «Almaty Superski»-ді барлық санаттағы қонақтарға ашық инклюзивті туристік бағыт ретінде бірлесіп дамытуға ниетті.

Меморандумға қол қою жоба аясында ғылым, мәдениет, спорт салаларындағы қазақстандық қайраткерлер мен қоғамдық ұйымдар арасынан серіктестердің кең ауқымын қалыптастыру бағытын жалғастырады. Бұған дейін «Almaty Superski» экология, қауіпсіздік, мәдени мұра және тау аумақтарын дамыту салаларындағы бірқатар отандық сарапшылармен ұқсас келісімдерге қол қойған болатын.