«Алматы Универсиада астанасы атанды!» - республикалық басылымдарға шолу

ТАНА. 30 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 30 қараша, сәрсенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.
None
None

***

«Егемен Қазақстан»
газетінің жазуынша, кеше кешқұрым Ақорданың алдындағы алаңда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен еліміздің Бас жаңажылдық шыршасын жағу рәсімі өтті. Бас шыршаның сан алуан шамдары жарқырай жанып, оны қызықтауға үш мыңға жуық бала мен ересек жиналды. «Биылғы жыл - еліміз үшін ерекше жыл. Ол ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу қарсаңында өтіп отыр. Бұл - бәріміз үшін айтулы мерейтой. Жаңажылдық мереке - бұл ертегідей көрінетін, армандары орындалатын, болашаққа жоспар құратын әрқашан балалардың мерекесі. Біз сендер үшін еңбек еттік, сендердің бақытты болуларың үшін жұмыс істедік. Сендердің міндеттерің - жақсы оқу, біздің ұлы Отанымыздың лайықты азаматы болу. Біз жиырма жылдықты мерекелейміз, табыстарды атап өтеміз. Болашаққа жоспар құрамыз. Ал, біздің болашағымыз - сендерсіңдер. Сендерге, біздің балаларымызға мен жаңа жылда мол бақыт, мықты денсаулық тілеймін. Біздің еліміз гүлдене берсін, біздің балаларымыз бақытты болсын», - деп атап өтті рәсім барысында Мемлекет басшысы.

«Кешкі қалалық газеттерде болмаса, таңертең жарық көретін күнделікті басылымдарда «бүгін...» деп сөйлеу салты қабылданбаған. Өйткені, таңертеңгілік газеттер әдетте ең жедел дегенде кешегі күннің кешкі оқиғалары жайында жазады. Ал бұл жолы біз бүгін, яғни 30 қарашада жеткен хабарды жариялағалы отырмыз. Түнгі сағат 1-ге жақын қал­ғанда, «Егемен Қазақстанның» беттеріне қол қойылғалы жатқан шақта Бельгия астанасы Брюссельден сүйінші хабар алдық», - деп жазады басылым «Алматы Универсиада астанасы атанды!» деген тақырыптағы сүйінші мақаласында. Басылымның жазуынша, маңызы мен ауқымы жөнінен Олимпиадалық ойындардан кейінгі екінші орында тұратын бұл жаһандық жарысты өткізуге таласушылардың соңғы мәресіне екі қала шыққан еді. Оның бірі Алматы, екіншісі Италияның Тренто қаласы болатын. Кеше Алматының анық артықшылығына және елдегі экономикалық дағдарысқа байланысты Италия үкіметі Универсиадаға Тренто кандидатурасын алып тастау жөнінде шешім қабылдағаны хабарланды. Сондықтан Алматының 2017 жылғы Универсиада астанасы атануы автоматты түрде жүзеге асты.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, «Еуразиялық ықпалдастық идеясы қаншалықты ұлттық мүддеге жауап береді?» деген мәселеге тұрақты мониторинг жүргізу қажет! Осындай ұсынысты кеше Астанада Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өткен Қазақстан саясаттанушыларының конгресінде Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев жасады. «Саясаттың «тамыр соғысын» қадағалап отыратын сарапшылардың бұл құрылтайы Еуразиялық интеграция мәселесіне арналыпты. Жиынға Сенат депутаттары, сондай-ақ орталық меморгандардың, ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері, шетелдік сарапшылар қатысты», - деп жазады басылым. Мақала «Ел назарында - Еуразиялық идея» деген тақырыппен берілген.

Жастар алдағы Мәжіліс сайлауына өз үндерін қосып, саяси белсенділігін арттыруды көздеп отыр. Кеше бір топ белсенді жастар «Фридом Қазақстан» ортақ коалициясына бірігіп, сайлау кезінде дауыс беру барысына халықтық бақылау орнатуды ұсынды. Бұл жайында «Айқын» газетінің сәрсенбілік санында жарияланған «Жастар үнсіз қалғысы келмейді» деген тақырыптағы мақалада кеңінен баяндалған. «Фридом Қазақстан» коалициясына азаматтық қоғамның тетігі саналар үкіметтік емес ұйымдар мен жоғары оқу орындарының студенттері кірмек. Коалицияның көздегені - сайлау барысында «Сайлау туралы» заңның бұзылмауын қадағалап, кемшіліктер мен қателіктер хақында халықты хабардар ету.

***

«Кешегі Үкімет отырысының негізгі жаңалығы - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Халық Қаһарманы атағын беру туралы Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің ұсынысы болды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы қарсаңында Президентке тосын сый жасағысы келген Премьердің осы сипаттағы аса маңызды құжатқа өмірінде бірінші рет қол қоюы екен», - деп жазады «Алаш айнасы» бүгінгі санындағы «Елбасы Халық Қаһарманы атағына ұсынылды» деген мақаласында. Сондай-ақ бұдан басқа Үкіметте қаралған мәселелердің егжей-тегжейін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі санын жіберіп алмаңыз.

Осы басылымның тұрақты «Дат!» айдарында техника ғылымының докторы, профессор Жұмажан Жаңбыровпен арадағы сұхбат «Елбасы ғылыми атақ беруді тегіннен-тегін сынға алып жүрген жоқ» деген тақырыппен берілген. Тілшінің барлық сауалдарына тұщымды жауап берген ол: «Бізде жер байлығы бар, халық бар, Елбасымыз бар, білім бар - бәрі бар. Тек ірі компаниялардың басшылығында отырғандарда ұлттық сезім, ұлттық намыс аздау ма деймін. Қарапайым мысал, оларда патриоттық сезім, жанашу болмағандықтан, елімізде жөнді жанармай шығара алмай отырмыз», - дейді.

***

«Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шахматтан әлем чемпионатында алтын медальді жеңіп алған жас қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлікке құттықтау жеделхатын жолдады», - деп жазады «Казахстанская правда» газеті.

«Сені Бразилиядағы әлемдік шахмат турниріндегі жарқын жеңісіңмен құттықтаймын! Сен жоғары деңгейде ойын өрнегін көрсетіп, алтын медаль иелене отырып, төрт мәрте әлем чемпионы атандың. Бұл сенің талантыңның, еңбегің мен жеңіске деген ерік-жігеріңнің нәтижесі. Сенің орасан табысың Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына ерекше сыйлық болды. Сенің жетістігің жас қазақстандықтар үшін үлкен үлгі-өнеге болатынына сенемін», - делінген құттықтау жеделхатында.

Соңғы жаңалықтар