«Алматы» велотуры биыл жаңа деңгейге көтерілді
Дәстүрлі бесінші халықаралық кәсіби веложарыс «Алматы туры» биыл қыркүйектің 30-ы мен қазанның 1-і күндері өтеді.
Ерекше айта кетерлігі, биыл Халықаралық велосипедшілер одағы (UCI) регламентіне сәйкес, көпкүндік «Тасжолдағы веложарыс» дәрежесіне ие болды.
Жалпы, «Алматы туры» 2013 жылы алғаш рет ұйымдастырылған болатын. Ол кезде біркүндік тур «1.2» санаты бойынша өткендіктен, кәсіби командалар қатыса алмаған. Алайда, енді, UCI келісімімен «Алматы туры» «1.1» кәсіби веложарыс мәртебесін иеленіп, қатысушылар санын арттырып отыр.
«Төрт жыл бойы біз қала әкімдігінің, Алматы қаласы спорт басқармасының қолдауымен «Алматы турын» ұйымдастыру үшін біраз күш салдық. Біз бірлесе отырып, сапалы, халықаралық спорт жобасын іске қостық. Өткен жылғы веложарыс жоғары деңгейде өтті. Біз шара ауқымын, ұйымдастыру жағын кеңейтіп, турды жаңа деңгейге көтердік. Менің ойымша, дәл осы бесінші мерейтойлық жарыстың жаңа деңгейге көтерілгені жақсы ырым. Алматы - велоспорты қарқынды дамыған қала, сондықтан, алып шаһар үшін бұл спорт додасы маңызды деп сенімен», - деді Қазақстан велоспорт федерациясының вице-президенті Аманбек Құлшықов.
Сонымен қатар, оның айтуынша, біркүндік халықаралық жарыстың мәртебесін көтеру оңай емес, мұндай үдеріс біршама уақытты қажет етеді, оны қарастыру бірнеше немесе ондаған жылдарға созылуы мүмкін.
Аманбек Құлшықовтың айтуынша, UCI Алматы турын жоғары бағалады.
«Алматы туры-2017» екі кезеңде өтеді. Егер, бұған дейін халықаралық веложарыс «критериум» форматында өткен, яғни, қатысушылар қай жерден бастаса, сол жерден аяқтайтын. Ал биыл велосипедшілер «сөреден» «мәреге» дейінгі қашықтықты, қала, таулы жолдармен жүріп өтеді. Доданың басым бөлігі тегіс асфальтталған Алматы көшелерінде өтеді. Ал жарыстың соңғы мәресі таулы аймақ - «Медеу» мұзайдынында болмақ. «Алматы турының» бірінші кезеңі ҚБТУ ғимаратынан басталады. Қатысушылар Төле би, Фурманов, Сәтпаев, Байзақов, Абай және Желтоқсан көшелерінен «қаладағы айналыс» межесін жүріп өтіп, «Алматы Арена» маңында мәреге жетеді. Екінші кезеңде спортшылар «Халық Арена» ғимаратынан бастап, «Шығыс айналма жол - Әл-Фараби, Тұңғыш Президент саябағы жанымен жүреді. Ал «Медеуде» веложарыс аяқталады.
UCI регламентіне сәйкес, халықаралық кәсіби тасжолдағы веложарысқа кәсіби командалар, құрлықтық, құрлық аралық командалар, сондай-ақ, ұлттық құрама командалары қатыса алады.
Қазақстандық кәсіби команда «Astana Pro Team» дәстүр бойынша «Алматы турға» қатысады. Қатысушылардың толық тізімі кейінірек белгілі болады.
Айтулы дода Eurosport телеарнасында көрсетіледі.
«Алматы турдың» салтанатты жабылу рәсімі «Медеу» спорттық кешенінде өтеді.