22:52, 07 Шілде 2017 | GMT +5
Алматы зообағында тағы бір жануар «баспаналы» болды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы хайуанаттар бағының тағы бір жануары жаңа баспанаға көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шошқа тұқымдасқа жататын Мартин атты тапирдің «апартаменті» 760 шаршы метрді алып жатыр. Оның 90 шаршы метр аумағында жаңа бассейн салынды. Сонымен қатар, көлеңкелі және құмды аймақ, батпақты ванна жасалды.
Баспана мәселесін шешіп алған соң зообақ қызметкерлері оны «үйлендіруді» жоспарлап отыр. Ұрғашы тапир Новосібір қаласынан әкелінеді. Қыс мезгілінде олар жылы орынға көшірілетін болады.
Айта кету керек, бұған дейін Алматы зообағында бірқатар жануарлардың ескі вольерлері бұзылып, қайта жасалған болатын. Оның ішінде ақ аю Алькор, Қазақстандағы ең ұзын питон бар.
Алматылық бизнесмендер ақ аюмен қатар қара аюлардың жағдайын жақсартуға кірісті. Жақын арада аюлар мен амур жолбарысы экспозициясының құрылысы басталады.