Алматыда 1561 майдангер мен оларға теңестірілген 4,5 мың ардагер бар - қала әкімі

Бұл жайлы бүгін Алматыдағы 28 панфиловшы-гвардияшылар саябағындағы Жеңіс күніне арналған салтанатты жиынында қала әкімі Ахметжан Есімовтың құттықтау сөзінде айтылды.
«Соғыс жылдары біздің жеріміз майданға 1 миллион 366 мың жауынгер берді. Олардың көбі майдан даласындағы шайқастарда қалды. Қазіргі таңда Алматыда 1561 Ұлы Отан соғысына қатысушы мен оларға теңестірілген 4,5 мың ардагер тұрады. Осыдан 4 жыл бұрын шаһар басшысы ретінде осында ардагерлерді алғаш рет құттықтадым. Ол кезде майдангерлердің саны 2900 болатын, қазір 1561-і ғана қалды,- дейді А.Есімов.
«Жеңіс күні мен үшін де ерекше қасиетті, қастерлі күн. Әкем 1938 жылы әскерге шақырылып, алдымен фин соғысы, содан кейін Ұлы Отан соғысына қатысты. Онда 2 рет алған ауыр жарақатынан кейін 1944 жылы елге оралады. Ол кісі осы Жеңіс күнгі мерекеге қатысарда ылғи да жақсы киімдерін киіп, соғыста алған барлық наградаларын омырауына тағып шығып, адагерлермен кездесіп майдандас достарын еске алатын. Бала кезімде оны онша түсінбеген шығармын. Алайда есейе келе оны айқын сезініп, терең түсіне бастайды екенсің. Ол кісілердің көрген қиындықтарын ешқашан да ұмытпауымыз керек. Оларды үлгі тұтып, өз естеліктері арқылы жастарды отансүйгіштікке, патриоттыққа тәрбиелеу жұмысын әрдайым жандандырып отыру қажет», - деді Алматы әкімі.