Алматыда 2 мыңға жуық адам Конституция күніне бағышталған веложарысқа қатысты

Қатысушылардың арасында қала әкімі Ахметжан Есімов, Олимпиада чемпионы, кәсіпқой велошабандоз, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Александр Винокуров, велоқоғамдастықтардың өкілдері және қала тұрғындары болды.
Веложарысқа белгіленген жолдың ұзындығы 12 шақырымды құрады. Жарыс аяқталған соң Ахметжан Есімов алматылықтарды Конституция күнімен құттықтады.
«Бұдан 19 жыл бұрын ҚР Конституциясы қабылданған болатын. Бұл негізгі заң, әрбір адамның құқығының сақталуына кепілдік береді. Біз Конституцияны жақсы біліп, құрмет тұтуымыз лазым. Ол бізге өз елімізде еркін өмір сүруге мүмкіндік береді»6 - деді қала басшысы.
Александр Винокуров та қалалықтар мен қала қонақтарын осы бір айтулы мерекемен құттықтап, қалада велосипед әуесқойлардың жылдан жылға көбейіп жатқандығын атап өтті.
««Astana Pro Team» командасы өзінің жеңістерімен велосипед тебушілерге қолдау көрсетеді. Сондықтан спортпен шындап айналысыңыздар! Алға, Қазақстан!» - деді атақты велошабандоз.
Веложарыстың соңында бүгінгі шарада үздік нәтиже көрсеткен қатысушыларға әр түрлі аталымда естелік сыйлықтар табыс етілді.