Алматыда Абай мемлекеттік музейінің негізін қалаушы Қ. Мұхаметхановтың жүз жылдығына арналған форум өтті

27 мамырда болған мәслихатты ҚР Ғылым академиясының М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институты ұйымдастырды.
Академиялық институттардың, музейлер мен университеттердің ғалымдары Қ. Мұхаметхановтың алғашқы мемлекеттік Абай музейін құру жолындағы орасан еңбегі, Абайдың ізбасарлары мен оқушылары мектебін ашудағы қосқан үлесі жайлы баяндамалар жасады. Сондай-ақ ғалымның орыс, шығыс және батыс мәдениеттерінің өзара байланысын ашудағы айшықты зерттеулері жайлы пікірлерін ортаға салды.
«Ірі ғалым, аудармашы, текстолог, драматург Қайым Мұхаметжанов бар өмірін Абай шығармашылығын зерттеуге арнады. Өткен жүзжылдықтың 40-ыншы жылдары Абайдың жүз жылдығына орай құрылған комиссияның ғылыми хатшысы болды. Содан бері ол ұлы ойшыл жайлы жаза бастады және 60 жыл ғұмырын осыған арнады»,-деді өз сөзінде М. Әуезов атындағы әдемиет және өнер институтының профессоры Серікқазы Қорабай.
Қайым Мұхамедханов (Ғабдулқайым) (1916-2004) - 5 қаңтарда Семей қаласында туған.
Семей педагогика институтының филология факультетін 1941 жылы бітірген. Содан көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған, «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертация қорғаған (1951). Ұлы Отан соғысына қатысқан. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығармалар жазды, тәржіме жасаумен де көбірек шұғылданды. Әдебиет зерттеуші ғалым ретінде Абай мұрасының текстологиялық зерттеулеріне мол үлес қосты. Абай төңірегіндегі атақты әншілер: Көкбай, Ақылбай, Мағауия туралы, өткен заманның кейбір мұралары жайында зерттеулер, көлемді мақалалар жазды. Қайым Мұхамедханов ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, әрі алғашқы текстологы, ұстаз, ақын, жазушы, драматург. Шәкәрімтанудың негізін қалаушы. Қазақ КСР Әнұранының авторы, КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік силығының, Жазушылар одағы силығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі; Семей қаласының, Аягөз, Жаңасемей, Абай аудандарының Құрметті азаматы; 800-ден аса ғылыми еңбектің авторы. «Абайдың ақын шәкірттері» атты төрт кітаптан тұратын жинақ құрастырды. «Абай» журналының қайта жарық көруіне көп еңбек сіңірді. «Толқын», «Майданнан майданға», «Ер Білісбай» пьесаларының авторы.Әзірбайжан драматургі У.Гаджибековтың «Аршин мол алан», татар жазушысы Ш.Камалдың «Қажы әпенді үйленеді» пьесаларын қазақшалаған. Шығармалары: Абай шығармашылықтың текстологиясы. А., «Қазақстан», 1959; Комиссар Ғаббасов. Пьесалар. А., «Өнер», 1984.
1996 жылы «Абай» энциклопедиясын шығарудағы еңбегі үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО және Қазақ КСР ағарту ісінің үздігі. Семей қаласының Құрметті азаматы. Абайдың дүниежүзілік академиясының алтын медалімен марапатталған.