Алматыда «Ақ көгершін» 8-ші халықаралық байқауы мәресіне жетті
3 күн бойына бақ таластырған жас дарындардың өнерін, білікті әділ қазылар таразылап, өз бағасын берді.
Қатысушылар, «Вокал», «Хореография», «Ұлттық нақышта ән айту», "Балалар сән көрсетілімі" «Бірегей жанр» аталымдары бойынша марапатқа ие болды. Ал, оза шауып, бәйге алғандар шет елдерде өтетін халықаралық жарыстар мен фестивальдарға қатысуға жолдама алды. Байқауға, Қазақстанның түкпір- түкпірінен келген 600-ден аса балғын қатысты. Таяу шетелдерден келген қонақтар да бар. Жыл сайын дәстүрге айналған «Ақ көгершіннен» шыққан дарындар, қазірдің өзінде Германия, Испания, Чехия, Корея, Ресейде лауреат, дипломант атанып та үлгерді.
«Балалар шығармашылығының «Ақ көгершін» байқауы 8 жыл бойы жаңа дарындарды ашып, өнерлі балаларға көп көрерменнің алдында өнер көрсетуге, сондай-ақ тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп келеді",-деді әділ-қазылар алқасының төрайымы Райхан Оңғарова.
Оның айтуынша, жылдан жылға байқауға қатысушылардың санымен қатар, сапасы артып келеді. "Тек, байқауға үлкен көңіл бөлінсе екен деп тілеймін. Сонымен қатар ата -аналарға балаларының шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік жасаса екен деп айтқым келеді. Өйткені бүгінде көп ата-ана жұмыста болғандығынан, балалардың көпшілігінің уақыты бос өтіп жатыр. Егер бала шығармашылықпен айналысса, онда оның ата-аналары балаларымен бірге бір тыныспен өмір сүретін болады, бұл отбасын одан әрі берік ете түседі. Отбасы берік болса, қоғамымыз да берік болады",-деді Райхан Оңғарова.
Байқау ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Алматы әкімдігінің, қалалық білім басқармасы мен Қазақконцерттің қолдауымен өткізіліп келеді.