14:00, 13 Қараша 2013 | GMT +5
Алматыда акция аясында ащы судан ұрттаған 846 адамға тегін такси ұсынылды
АЛМАТЫ. 13 қараша. ҚазАқпарат - «Ішімдік өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатуға қарсы» акциясы кезінде еріктілер 8761 сауда нүктесін аралап шықты. Бұл туралы бүгін Алматыда ішімдік ішуге жауапкершілікпен қарау мәдениетіне қатысты «Сенің таңдауың» әлеуметтік жобасының қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында айтылды.

«Мас күйде көлік жүргізуге қарсылық шарасында Алматы қаласындағы 3 мейрамхананың 846 қонағына «Эфестің салауатты жүргізушісі» тегін қызметі ұсынылды. 846 деген сан бір қарағанда аз боп көрінуі мүмкін. Бірақ біз 846 жол-көлік апатының алдын алдық. Сондықтан бұл мен үшін маңызы зор үлкен жоба болды», - дейді «Бауыржан» қоғамдық қорының президенті Жұлдыз Омарбекова. Оның айтуынша, ішімдік ішкен адам мейрамханада ілінген жапсырмадағы телефон нөмірлеріне хабарласса, оған жарты сағаттың ішінде тегін қызмет көрсетіледі екен. Іішімдік өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатуға қарсы шарада еріктілер Алматыдағы 5 мың, Астанадағы 3 мың және Қарағандыдағы 1 мыңдай сауда нүктесін аралаған. Онда 21 жасқа толмаған адамдарға ішімдіктерді сатуға тыйым салатын заңның ережелерін сатушыларға түсіндіріп, оны бұзу үшін жүктелетін жауапкершілік туралы ескертіп шыққан. Ж.Омарбекованың сөзіне қарағанда, дүкендерде ішімдік өнімін кәмелет жасқа толмағандарға сатуға тыйым салынатынын ескертетін «21+» жапсырмалар мен плакаттарын ілу кезінде бастапқыда әрбір екінші сатушы қарсылық білдірген. Дегенмен арнайы дайындықтан өткен еріктілер оны жан-жақты түсіндіргеннен кейін олар еріксіз келісімін берген. Құқық бұзушылар саны кеміп, сатушылардың әлеуметтік жауапкершілігі артқанын қазір ішкі істер департаментінің мәліметінен де анық байқауға болады. Жалпы «Сенің таңдауың» деп аталатын әлеуметтік бұл жобаны «Бауыржан» қоғамдық қоры мен «Эфес Қазақстан» компаниясының бірлесіп жүзеге асырған болатын. «Мас күйде көлік жүргізуге қарсы», «Ішімдікті аз мөлшерде тұтыну үшін», «Ішімдік өнімдерін 21 жасқа толмағандарға сатуға қарсы» деген 3 бағыт бойынша жүзеге асырылған шаралар енді алдағы жылы да өз жалғасын таппақ.