Алматыда «Әл-Фараби - 2010» олимпиадасы өтеді
АЛМАТЫ. Ақпанның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда ертең, ақпанның 16-сында «Әл Фараби - 2010» олимпиадасының ашылу салтанаты өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚазҰУ-дің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Дәстүрлі бұл шараны «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ-ның қолдауымен Білім және ғылым министрлігі, Қазақтың әл-Фараби атындағы ұлттық университетінің түлектер қауымдастығы және Мансап секторының тұрақты серіктестері ұйымдастырып отыр. Олимпиаданың басты мақсаты - оқушылардың сабаққа деген ынтасын көтеру арқылы шығармашылық қабілеттерін дамыту және талантты оқушыларды іріктеу. Атап айтқанда, ақпанның 16-ы мен наурыздың 13-і аралығында университет профессорлары Қазақстанның түкпір-түкпіріне барып үміткерлерді 14 пән бойынша сынақтан өткізеді. Оның нәтижесі бойынша үздік мектептердің рейтингі жасалады. Жалпы бұл олимпиадаға биыл 10 мыңнан аса оқушы қатысады деп жоспарланып отыр. Былтыр тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл шараға 7 мыңға жуық оқушы қатысқан болатын.