12:50, 13 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда алдағы уақытта бөлшек саудадағы ет пен көкөніс өнімдері 20 пайызға дейін арзандауы мүмкін
АЛМАТЫ. Ақпанның 13-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда алдағы уақытта бөлшек саудадағы ет пен көкөніс өнімдері 20 пайызға дейін арзандауы мүмкін.
Бұл кеше Алматыда қала әкімінің төрағалығымен өткен бағаларды қадағалау және инфляциялық үдерістерді тоқтату мәселелеріне арналған алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында қой, сиыр етін өнеркәсіптік деңгейде өндіруді біріктіреміз. Қарамағымызда 45 мың бас аналық мал бар. Біздің Алматы қаласында бағаны өсірмей-ақ, сауданы ұлғайтуға мүмкіндігіміз бар. Бұл үшін Алматы ет комбинаты базасында мал соятын цех құрылды. Күн сайын арнайы 5 автокөлікпен тірідей мың басқа дейін мал тасымалдай аламыз. Барлық жәрмеңкелерге және күнсайынғы саудаға қатысуға дайынбыз. Біздің ет, көкөніс өнімдеріміз бөлшек саудадағы бағадан біршама төмен болады. Мәселен, ет өнімдері 480 мен 580 теңге аралығында сатылып, 600 теңгеден асырылмайды»,- дейді «Оңтүстік Қазақстан ет өнімдері» ЖШС-нің директоры Мәди Махметов. Оның айтуынша, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстарында көкөніс дайындауға арналған 17 орталық бар. Олар көкөністерді тіркемесі бар арнайы жабдықталған 16 КамАЗ-бен Алматыға тасымалдай алады. Қазірдің өзінде көтерме бағамен бөлшек саудаға жеткізіп жатыр. «Оңтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы жылжымалы сауда орындарын ұйымдастыруға қаржы бөлуге дайын. Оған көп уақыт кетпейді. Егер бұл жоспар қала әкімдігінен қолдау табатын болса, Алматыда ет, көкөніс өнімдерінің бағасын бөлшек саудадағы бағадан 20 пайызға дейін арзандатуға мүмкіндік бар. Бұл ұсынысқа әкім Ахметжан Смағұлұлы бірден қолдау білдіріп, аудан әкімдеріне осындай компанияларды іздестіруге тапсырма берді. Барлық құзырлы органдардың жәрмеңкелер мен сауда-саттықтарды ұйымдастыруға жағдай тудыруға атсалысуын ескертті. Сондай-ақ егер қажет болса, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облыстары басшылығымен арнайы кездесулер өткізу керек екенін өз орынбасарларына құлаққағыс етті.