15:01, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда әлеуметік салаға бөлінген қаражат қала бюджетінің 45 пайызын құрайды - А. Есімов
АЛМАТЫ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биыл әлеуметтік салаға бөлінген қаражаттың көлемі қала бюджетінің 45 пайзын құрайды.

Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «2009 жылдың бюджетінде біз басымдығы жоқ шығындардың бәрінен
бас тартып, оны әлеуметтік бағытты нығайтуға бағыттадық. Жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу үшін қосымша жұмыс орындарын ашу жоспарланып отыр. Мәселен, қайта даярлау мен қоғамдық жұмысқа тартуға ғана бюджетте 277 миллион теңге қарастырылған», - дейді Ахметжан Есімов. Қала әкімінің айтуынша, мамандығы жоқ жұмыссыздарды көгалдандыру мен тазалау жұмыстарына және жеке пәтер иелері кооперативтерінің ұйымдастыру жұмыстарына тарту көзделіп отыр. Бұлар үлкен біліктілікті қажет етпейді. Ал банк пен қаржы саласындағы қысқартуға түскен адамдардың білімі мен жинаған қоры жеке кәсіпкерліктің жаңа толқынын қалыптастыруға пайдаланылмақ. Мәселен, коммуналдық меншікке толық тексеру жасау арқылы тиімді пайдаланылмаған мүлікті анықтап, оны кәсіпкерлікке жалға беру қарастырылған. Сондай-ақ салынып жатқан ғимараттардың бірінші қабатындағы кеңселік үй-жайлардың құнын көңілге қонымды деңгейге дейін түсіру көзделіп отыр. А. Смағұлұлының сөзіне қарағанда, бюджеттік қаржы есебінен биыл көлік стратегиясын жүзеге асыруда 6 мыңнан астам, энергетикада - 1,5 мың, ал әлеуметтік саладағы құрылыстарды салу кезінде 6 мың жұмыс орны ашылмақ.