Алматыда алты жасар қызды өлтірді деген күдікпен бір адам ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда алты жастағы Дарья Регурецкаяның өліміне қатысты бір күдікті ұсталды.
Естеріңізге сала кетелік, қылмыс Алматыда 2016 жылғы 7 шілдеде орын алған болатын. Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбектің хабарлағанындай, сол күні 22.00-де қыздың анасы баласының жоғалғаны жайлы айтып, полицияға жүгінеді. 22 сағат 50 минутта учаскелік инспектордың қатысуымен іздеу шаралары басталды. Соның нәтижесінде Түркісіб ауданындағы «Сүйінбай көшесі, 303» мекенжайы бойынша кәріз құдығынан 2009 жылы туған қыздың денесі табылды.
«Түркісіб аудандық сотының тергеуші судьясы күдікті азаматты ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-шы бабының 2-ші тармағының 3,10,14 бөлімдерінде қарастырылған қылмыстарды жасаған деген күдікпен екі айға қамау туралы қаулы шығарды», - деді Алматы қалалық сотының ақпараттық қамтамасыз ету бөлімінің жетекшісі Диас Махамбетов.