13:13, 02 Сәуір 2015 | GMT +5
Алматыда автотұрақта қару қолданған күдікті енді тергеушіге жала жапқаны үшін жауапкершілікке тартылды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда автотұрақтардың бірінде болған атысқа қатысты күдікті деп танылған Иван Хуторной, енді тергеушіге жала жапты деген айыппен тағы да қылмыстық жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды бүгін Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінен.

Қару қолданып, бұзақылық жасағаны үшін (ҚР ҚК 293-бабының 3 тармағы) әзірге күдікті деп танылған И. Хуторной таяу күндері бірқатар БАҚ-қа осы қылмыстық іспен айналысып жатқан тергеуші ақша бопсаламақ болды деп мәлімдеген болатын.
«Осылайша, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатқан лауазымды тұлғаға негізсіз айып тағылып, көпе-көрнеу жала жабылды. Бұл - қылмыстық жаза қолданылатын іс. Сол үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 411-бабының 3-армағына сәйкес, қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Осыған қатысты Алматы қалалық ІІД Тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғады. Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес, И. Хуторной уақытша тергеу изольяторына қамалды», - деді Алмалы аудандық ІІБ басшысы, полиция полковнигі Асқар Болатов.