Алматыда биыл «DIDAR» кинофестивалі 16-17 сәуір аралығында өтеді
Осымен бесінші рет есігін айқара ашатын өнерлі жастардың фестивалі «Жаңа онжылдық - Қазақстан жастарының жаңаша серпілісі!» ұранымен VII қысқы Азия ойындарын насихаттау аясында және Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалық ету құрметіне орай өткелі отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қазір кинофестивалге қатысатын жұмыстарды іріктеу жүргізілуде. Бұл үрдіс сәуір айының 5-іне дейін жалғасатын болады. Биыл өтетін жастар кинофестивалінің басты мақсаты - өз замандастарын туған елін құрметтеуге шақыратын және елінің мәдениетін терең насихаттау барысында жұмыс атқаратын дарынды жастарды табу. Бүгінде идеологияның басты құралына айналған - кино өндірісі арқылы ұлттық өнердің тұңғиығынан бастау алатын отаншылдық бағыттағы, сондай-ақ көрерменнің қызығушылығын арттырып, рух беретін жұмыстарды жарыққа шығару.
Кинофестивальді Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқармасы, «DIDAR» Продюсерлік орталығы» қоғамдық қоры, Алматы қаласы Жастар саясатын дамыту мемлекеттік қоры, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы бірлесіп ұйымдастырып отыр.
Байқауға Алматы және Қазақстанның өзге қалаларындағы ЖОО студенттері мен осы салада жұмыс атқарып жүрген шығармашылық ұжымдардың, қатысуға өтініш берген, жасы 35-тен аспаған жастары қатысады. Ал ақпараттық жұмыстар ретінде қазақстандық және шетелдік авторлардың да жұмыстары қатыса алады.