Алматыда бизнес шығынын өтеу ережесіне қандай өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев бизнес өкілдерімен бірге шығынды өтеуді жеделдету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев қаңтар трагедиясы кезінде жапа шеккен кәсіпкерлермен, бизнес өкілдерімен кездесті. Жиын барысында бизнес шығынын өтеуге жұмсалатын төлемдерді жеделдету мәселесі сөз болды.

Әкімдіктен мәлім еткендей, бұған дейін Аймақтық комиссия шығынды өтеу бойынша механизмде кінәрат барын анықтап, өз тарапынан нақты ұсыныстар енгізген болатын. Әкімдіктің ұсыныстары 2022 жылғы 1 ақпанда ҚР Ұлттық экономика министрлігімен жедел түрде келісіліп, үкіметтік комиссия деңгейінде мақұлданды. Бүгін шығынды өтеу ережесіне тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

«5 млн теңгеге дейінгі ең жоғары төлем сомасымен жеңілдетілген механизм бойынша зақымдалған жылжымалы әрі жылжымайтын мүлікке, қалпына келтіруге келмейтін және жоғалған жабдықтарға да шығынды өтеу механизмі қарастырылып отыр. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет қаражатынан бөлек, қорлардың жеке ақшаларынан да төлем жүргізу мәселесі қарастырылуда. Яғни, өтемақы төлеу процесін жетілдіру жұмыстары жалғаса береді», - делінген баспасөз хабарламада.

Еске салсақ, зардап шеккен кәсіпкерлер коммуналдық шығындарды төлеуден 3 айға, ал қаладағы коммуналдық меншікті жалға алушылар – 6 айға жалға алу төлемінен босатылған.

Сонымен қатар, «Алматы Бизнес-2025» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлерге кепіл ұсыну арқылы 10 млн теңгеге дейін жылдық 2 пайызбен 12 айға немесе «Алматы» АӨК ішінара кепілдігімен жеңілдетілген несие беріледі. «Алматы Финанс» ЖШС мен «МФО Алматы» ЖШС зардап шеккен кәсіпкерлерге негізгі қарызды өтеу мерзімін ұзартады, айыппұлдар мен өсімпұлдарды 180 күнге дейін шегереді.


Соңғы жаңалықтар