Алматыда бокстан қыздар арасында дәстүрлі чемпионат өтті

АЛМАТЫ. Ақпанның 23-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыдағы Достық спорт кешенінде бокстан қыздар арасында жасөспірімдер мен ересектердің дәстүрлі чемпионаты өтті,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Биыл бесінші рет ұйымдастырылған бұл байрақты бәсеке бес күнге созылды. Онда жасөспірімдер арасында 61, ересектер арасында 86 спортшы сайысқа түсті. Оларға Азия әуесқой бокс федерациясының (FABA) төрешісі астаналық Қайрат Манашаев бастаған қазылар алқасы төрелік жасады. Тартысты өткен дүбірлі додада ересектер арасында астаналықтар Назгүл Боранбаева (46 кг) мен Альбина Әбдірайымова (57 кг), жамбылдықтар Әйгерім Асқарова (48 кг) мен Меруерт Туғанбаева (60 кг), алматылық Саида Хасенова (64 кг), шымкенттік Жайна Шекербекова (51 кг), қызылордалық Марина Волнова ( 81 кг), қарағандылық Оксана Королева (54 кг), қостанайлық Елена Кольцова (75 кг ) үздік шықты. «Меруерт ұлттық құрама сапында бұрыннан-ақ өнер көрсетіп жүргенімен, чемпиондық атаққа биыл ғана қол жеткізді. Жалпы биылғы ел чемпионатының басты жаңалығы - шымкенттік Жайна Шекербекованың жарқ етіп көрінуі», дейді халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанның әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Вадим Присяжнюк. Оның айтуынша, бұған дейін 48 киләда өнер көрсетіп келген астаналық Наргүл Боранбаева мен 60 киләдағы қарағандылық Валерия Кюрлиг биыл үлкен спорттан кетті. Сол себепті бұл салмақта көшбасшылық тізгінді Әйгерім мен Меруерт өз қолдарына алып отыр. Ел чемпионатында топ жарған боксшылар енді сәуір айында Түркияда өтетін Ахмет Конер атындағы «А» санатындағы халықаралық турнирге қатыспақ. Сондай-ақ қараша айында Вьетнамда жабық залда өтетін Азия ойындарында ел намысын қорғайды деп жоспарланып отыр.
Соңғы жаңалықтар