Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда Болат Әбділмановтың «Қос шынар» кітабының таныстырылы өтті

АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда Болат Әбділмановтың «Қос шынар» атты алғашқы кітабының тұсауы кесілді.

Алматыда Болат Әбділмановтың «Қос шынар» кітабының таныстырылы өтті

ҚР халық әртісі Нұржұман Ықтымбаевтың пікірінше, бұл кітап жастарға, болашақ актерларға өте керек дүние.

Кітаптың бірінші бөлімі «Қос шынар» деп аталады. Онда өнерде де, өмірде де жұптары жазылмаған сахна өнерінің саңлақтары, Қазақстанның  халық әртісі Алтын Ружева мен ҚР Еңбек сіңірген әртісі Оразғали Әбділмановтың өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы жазылған. Екінші бөлім Болат Әбділмановтың өмір жолы мен шығармашылық ізденістеріне арналды.  

«Орекең мен Алтынды  бүкіл Қазақстан танып, Кеңес одағы  білді. Тек киноға аз түсті. Мен ол кісілермен дәмдес болдым. «Біздің Ғани» фильмі түсірілгенде алғаш рет таныстым. Менің Талдықорғаннан екенімді біліп, Алтекең жеңешем қайным деп, ал Орекең інім дейтін. Орекеңнің керемет әнші екенін көп адамдар білмейді», - деді Н.Ықтымбаев.

Кітапты толық оқып шыққанын айтқан өнер саңлағы, Болат Әбділмановтың тілінің жатықтығына өз таңданысын білдірді. Әдемі дүниесінде  автор елінің азаматтарын еске алған. Бір қызығы ол туған әке-шешесін студент болғанда театрға барып таныған. Өте қызық әңгімелер бар. Атаның қанымен, ананың сүтімен берілмесе, адам дипломмен актер, режиссер болмайды деп ешкім айта алмай жүрген дүниені жақсы айтқан.

«Ата көрген оқ жонады» дейді. Бізден кейін қандай буын, ұрпақ келеді

деп ойлайтынмын. Иншалла, Тұңғышбай мен Досхан кинодан кішкене алшақтап жүр еді, жақсы бір толқын келді. Болат кейінгі кезде киноның шаңын шығарып жүрген жігіт. Әсіресе соңғы «Жерұйықтағы» дүниесі керемет. Былай кетсе, ел ренжиді, былай кетсе, үкімет ренжиді. Оның ойыны кез келген адамның қолынан келмейді», - дейді Нұржұман Ықтымбаев.