Алматыда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 10 адам мерт болды

 АСТАНА. Тамыздың 17-сі. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/  -Тамыздың 16-сы күні Алматы қаласында 10 адамның өмірін қиған жол апаты орын алды.  Бұл туралы бүгін журналистермен болған арнайы баспасөз мәслихатында Ішкі істер министрлігінің Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков мәлім етті,

Алматыда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан 10 адам мерт болды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Комитет төрағасының айтуынша, оқиға шамамен кешкі 18:00 шамасында болған. Онда «Прогресс» ЖШС-іне  қарасты қытайлық жүк көлігінің жүргізушісі Сағидолла Нәжімеденов қарсы бағытта келе жатқан «Тойота Королла» автокөлігіне соқтығысып, одан соң жол бойындағы аялдаманы қағып кеткен. Оқиғаның салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі мен «Тойота Королланың» жүргізушісі және оның үш жолаушысы, сондай-ақ аялдамада тұрған бес адам қаза болып, тағы 6 адам түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алған. «Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 296-шы бабы, 3-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда оқиға орнына Жол полициясы комитетінің төрағасының орынбасары мен Ішкі істер министрлігінің өзге де қызметкерлері жүріп кетті. Аталмыш іс бойынша алдын ала екі болжам жасалынып отыр. Біріншісі, көліктің ақауы болуы мүмкін, екіншісі, оқиға жүргізушінің рөлде отырып қалғып кетуінің салдарынан орын алуы мүмкін»,- дейді комитет төрағасы.