Алматыда «Бозторғай» балалар шығармашылығының халықаралық байқауы өтеді
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Конкурс жылдағыдай Алматы қаласының Орталық демалыс саябағындағы ашық алаңда болады. Биылғы жылы шараға барлық аймақтардан және Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Литва, Беларус, Қытай, Болгария елдерінен 800-ден аса жас әншілер, бишілер, халық әндерін орындаушы жас өнерпаздар қатысады деп күтілуде. Байқау қатысушылардың жас ерекшеліктеріне қарай вокал, халықтық орындаулар, хореография және балалар сән театры аталымдары бойынша өтеді.
«Бұл балалар шығармашылығына арналған халықаралық байқау - тек Қазақстанда ғана емес, Орталық Азия елдерінде өткізіліп келе жатқан жалғыз шара. Ол балаларды шығармашылықпен айналысуға, жаңа талант иелерін ашуға ықпал ететін, жаңа әдістемелік және тәжірибелік ақпараттармен алмасуға, орындаушының деңгейін көтеруге, барлық жасөспірімдердің өнерін шыңдауына, танылуына үлкен әсер беретін, сондай-ақ, балаларға арнап қалам тербеп жүрген ақындар мен композиторларға қолдау көрсететін шара. Сонымен қатар, бұл байқау жүлдегерлердің шет елдегі белді байқаулар мен фестивальдерге қатысуына ықпал етіп, шет елде қазақ мәдениетін насихаттауға өз үлесін қосып келе жатыр», деді байқаудың директоры Қарлығаш Әбдікәрімова.