18:22, 04 Ақпан 2019 | GMT +5
Алматыда букмекерлік кеңсе күзетшісін сабап кеткен күдіктілер ұсталды
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматының Әуезов ауданындағы букмекерлік кеңсені тонамақ болған үш күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олар - 1989, 1992 және 1996 жылы туған ер азаматтар. Оның екеуі Қарағанды облысының тұрғыны, ал біреуі Өзбекстан азаматы.
«Барлық күдікті азаматтарды Алматы қаласы Полиция департаментінің криминалдық басқарма қызметкерлері Қарағандыда ұстады», - деп хабарлайды Департамент полициясында.
Қазіргі уақытта күдіктілер Алматыға жеткізіліп, тергеу үшін қамауға алынды. Сот алдындағы тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлімі бойынша қарастырылады.
Айта кету керек, 20 қаңтарда Алматыда букмекерлік кеңсені тонамақ болған үш ер адам күзетшіні аяусыз соққыға жығып кеткен болатын. Қанды оқиға Абай мен Саин көшелерінің қиылысындағы «Пари-Матч» букмекерлік кеңсесінде болған.
Еламан Тұрысбеков