Алматыда бүлдіршінге қорқор шегуге жол берген дәмхана иесі жауапкершілікке тартылды

Алматы қаласы тұрғынының үстіміздегі жылдың 29 мамырында ғаламтор бетіне жариялаған фотосуреттерін Алматы қаласының Ішкі істер департаменті сараптамадан өткізді. Онда қорқор шегіп отырған бүлдіршін бейнеленген.
«Алмалы аудандық ІІБ ювеналды полиция бөлімінің қызметкерлері осы деректер бойынша тексерулер жүргізді. Бұл мекеме Абылай хан даңғылының бойында орналасқан. Болған жағдайдың анық-қанығын білу мақсатында дәмхана қызметкерлерінен жауап алынды. Сондай-ақ аталмыш мекеме қожайынының аты-жөні де анықталды. Ол ағымдағы заңнама нормаларына сәйкес, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 441-бабының 3-тармағы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Осылайша тамақтану орнының 28 жастағы қожайынына 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды» , - деді Алматы қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасының ювеналдық полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Ләйлә Әліпбаева.
Сонымен қатар полиция подполковнигі қазіргі таңда болжам бойынша баланың анасы да іздестіріліп жатқандығын айтты. Аты-жөні анықталған жағдайда, ол баласына лайықты тәрбие бермегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылады.