17:29, 09 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда былтыр полиция қатарынан 68 қызметкер қуылып, 20 лауазымды басшы жұмысынан босатылды
АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда былтыр түрлі тәртіп бұзушылықтар бойынша ішкі істер департаментінің 1144 қызметкері жазаланды.

Бұл бүгін қалалық ішкі істер департаменті қызметінің 2008 жылғы жұмыс қорытындысына арналған алқалы жиында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Қалалық ішкі істер департаментінің бастығы Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, жазаланған 1144 қызметкердің 229-ы басшылық қызметте жұмыс жасағандар. Олардың 20-сы жұмыстан босатылып, жағымсыз себептермен 68 қызметкер жұмыстан қуылды. «Офицерлік полиция жиындарында қазір сенімнен айрылған полиция қызметкерлерін шенінен айыру мәселесі қаралуда. Соттың көшпелі мәжілісін ұжымдарда өткізу тәжірибесі қолданылып жатыр. Бұл шаралардың нәтижесінде жеке құрамның арасындағы қылмыс 35-тен 31-ге дейін азайды. Оның ішінде сыбайластыққа қатысты қылмыстар екі есе азайып, 16-дан 8-ге дейін кеміді. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар одан ары жалғастырылатын болады», дейді Ерлан Заманбекұлы.