Алматыда «Дарынға ғасыр бас иеді» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі ашылды

МАТЫ. 14 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыдағы ҚР Тұңғыш Президенті қорында «Дарынға ғасыр бас иеді» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі ашылды.

Алматыда «Дарынға ғасыр бас иеді» халықаралық шығармашыл жастар фестивалі ашылды

Осымен үшінші рет өткізіліп отырған бұл шара биыл ел тәуелсіздігінің 20 жылдығына орайластырылған және Ресей мен көрші Қырғыз елінің қылқалам шеберлері де қатысуда.

Шара аясында «Қазақстанның бейнесі. Мемлекеттіліктің 20 жылдығы» атты плакат көрмесі, жас суретшілер мен фотографтардың көрмесі ашылды. Түстен кейін қонақтарға екі бөлімнен тұратын «Америка» эксперименттік спектаклі көрсетілетін болады.

ҚР Тұңғыш Президенті қорынның атқарушы директоры Бектас Мұхамеджановтың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан бұл шара көптеген жастар мен шығармашылық ұжымдарды жинайтын мәдени оқиғаға айналған. «Фестивальдің негізгі мақсаты - ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттап, жастардың шығармашыл бастамаларына қолдау көрсету. Яғни, жас таланттардың алғашқы қадамдарына көмектессек, ол үлкен дүниелерді өмірге әкеліп, биік белестерге жетеді», -дейді Б.Мұхамеджанов.

Сонымен қатар ол фестивальда жеңімпаз атанғандар ақшалай сыйлық алатындығын және суретшілердің туындыларын өз көрмелеріне сатып алатындықтарын жеткізді. «Бүгінгі көрмеде Әйгерім Әбжанова деген талантты қыздың туындылары қойылып оытр. Оның жұмыстары қазірдің өзінде шетелдің көптеген көрмелерінен орын тапты. Биыл біз оған қордың стипендиясын тағайындадық. Оның болашағы өте зор, қазір ол шетелден білім алып келсем деген ойы бар. Алдағы уақытта ол жағына да көмектесеміз деген ойдамын», -деп атап өтті Б.Мұхамеджанов.

Сондай-ақ қазанның 16-20 аралығында Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстанның хореографиялық училищелерінен 100-ден астам оқушы қатысатын хореография өнерінің 1-ші халықаралық балалар-жасөспірімдер фестивалі өтпек.