Алматыда дельфинарий мен жаңа мұз айдыны салынады
Қала әкімі құрылымдық бөлімшелер мен бейінді ведомстволардың басшыларымен жұмыс отырысын өткізді, - делінген хабарламада.
Онда Ахметжан Есімов бұл нысандардың әлеуметтік-мәдени маңызға ие екендігін ерекше атап өткен. Өйткені болашақта дельфинарийда әр түрлі дертке шалдыққан балалар емдеу-сауықтыру курстарынан өтетін болады.
Бұл нысандардың жалпы аумағы 7300 шаршы метрді құрайды. 1000 шаршы метр жерді алатын дельфинарийда 750 отыратын орын болады. Ал мұз айдынының сыйымдылығы 900 орынды қамтиды. Үстіміздегі жылдың соңына дейін осы нысандарға қатысты жобалау жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары басталады деп күтілуде.
Қазіргі таңда Орталық мәдениет және демалыс саябағының аумағында көріктендіру және қайта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр. 10 мың шаршы метр жер көгалдандырылып, 2,5 мың шаршы метр жер гүлзарға айналдырылды. Саябаққа 200 орындық орнатылды. Олардың қастарында қоқыс салатын жәшіктер де бар. Жыл соңына дейін олардың саны екі есеге дейін ұлғаятын болады. Одан басқа, қазір саябақтағы амфитеатр қайта қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, жаңа автокөлік тұрағының құрылысы да басталды.
Естеріңізге сала кетейік, Орталық мәдениет және демалыс саябағы өткен 2013 жылы қаланың коммуналдық меншігіне қайтарылған болатын.