15:29, 06 Ақпан 2009 | GMT +5
Алматыда денсаулық сақтау саласына бөлінген қаражаттың көлемі биыл өткен жылға қарағанда 42 пайызға ұлғайып отыр
АЛМАТЫ. Ақпанның 6-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биыл денсаулық саласына 31 миллиард теңге бөлініп отыр. Бұл өткен жылғыдан 42 пайызға артық. Оны қала әкімі Ахметжан Есімов бүгін тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ахметжан Смағұлұлының сөзіне қарағанда, Алматыда өткен жылы ұзақ үзілістен кейін алғаш рет ірі денсаулық сақтау нысандары пайдалануға берілді. Мәселен, Жетісу ауданының «Құлагер» ықшамауданында дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Ал «Жұлдыз» ықшамауданындағы жаңа емхананың Түрксіб ауданының 30 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетуге мүмкіндігі бар. «Қазіргі таңда перинатальді орталықтың, ауданаралық туберкулезге қарсы диспансердің, көпсалалы қалалық аурухананың, жедел шұғыл жәрдем ауруханасы мен 3 емхананың құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ №12 емханада құрылыс жұмыстары басталды»,- дейді А. Есімов. Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы Алматыда сәбилердің туылуы 11 пайызға, табиғи өсім 16 пайызға өсіп, тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы ұлғайған.