Алматыда Дін істері агенттігінің консультациялық-сараптамалық кеңесінің отырысы болды

Агенттік төрағасының орынбасары Ғалым Шайкиннің айтуынша, оның бұған дейінгі бірнеше мәжілісі Астана қаласында өткен болатын. Бұл жолы ол агенттік басшыларының ұсынысымен Философия, саясаттану және дінтану институтында жалғасып отыр. Өйткені Астанадағы басқосуға институттың өкілдері қатысқанмен, кеңестің Алматыдағы мүшелерінің бәрі бірдей қатыса алмаған болатын.
«Астанадағы отырыстарда ақпарат құралдарының жұмыстары, үгіт-насихат жұмыстарын ұйымдастыру, әлеуметтік және ғылыми зерттеулердің нәтижелері мен мақсаттары қаралған болатын. Бұл жолы діни сараптаманы ұйымдастыру, жүргізу жұмыстарын жетілдіру, сонымен бірге, Қазақстандағы діни жағдайды болжау және ғылыми талдау мәселелері қарастырылды», - дейді кеңес төрағасы Ғ.Шайкин. Саясаттану ғылымдарының кандидаты Ғалым Нұрмағамбетұлының айтуынша, бұл екі мәселеге де Философия, саясаттану және дінтану институтының қатысы бар. Сондықтан институт ғалымдарының пікірлерін тыңдап, ұсыныстарын талқылау кеңес жұмысын жетілдіруге өз септігін тигізетін болады.