Алматыда «Егіздер парады» болып өтті

Мерекеге және шара аясында өткізілген шеруге шамамен 300-ге тарта егіздер және 50-ге жуық үшемдер - қосымша репродуктивтік технологияларды пайдаланудың арқасында дүниеге келген тәуелсіз Қазақстанның балдырған азаматтары және олардың бақытты ата-аналары қатысты. Мереке барысында кішкентай қонақтарға арналып ойын-сауық бағдарламалары, тәттілер тартуы мен концерттік бағдарлама ұсынылды. Әр балдырғанға сыйлықтар да табысталды.
"«ЭКО» экстракорпоральдық ұрықтандыру орталығының ашылғанына 16 жыл болды. Осы жылдар ішінде орталықтың көмегінің, біздегі қызмет жасайтын 100-ден астам мамандардың арқасында 6 мыңнан астам бала дүниеге келді. Ата-аналары қуаныш пен бақытқа кенеліп, әке-ана атану бақытына ие болды. Бұл біздің үлкен жетістігіміз, қызметкерлеріміздің жетістікті жемісі, ел демографиясына қосып отырған үлкен үлесіміз",-деп атап өтті «ЭКО» экстракорпоральдық ұрықтандыру орталығының директоры Тамара Жүсібалиева.
Оның айтуынша, заманауи репродуктивті технологиялардың арқасында дүниеге келген тұңғыш бала қазіргі уақытта 15 жасқа толып отыр. "Барлық бала жақсы өсіп, белсенді, әдемі болып дамуда. Басқаша болу да мүмкін емес, өйткені мұндағы балалар ұзақ күткен, аңсаған балалар",-деді Т. Жүсібалиева.
Оның пікірінше, қазақстандық денсаулық сақтау саласының маңызды жетістігі болып - 2010 жылдан бастап, республикалық бюджет есебінен бедеулігі бар пациенттерді ВРТ әдістерімен емдеудің мемлекеттік бағдарламасын енгізуі болды. "ҚР Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағдарламаны іске асыру үшін қаржылай көмек беріп келеді. Жыл соңына дейін мемлекет тарапы 350 бағдарламаның ақысын төлеуді көздеп отыр. Көмекке зәру отбасылар емдеуді өз қалауы бойынша мемлекеттік, не жеке меншік орталықтарда қабылдай алады",-деді ол.
Қазіргі таңда «ЭКО» экстракорпоральдық ұрықтандыру орталығы бұл сала бойынша Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда көшбасшы болуда. Орталыққа жақын және алыс шетел азаматтары да келіп қаралуда.