Алматыда елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жолдары талқыланып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған республикалық конференция өтіп жатыр. Онда күн тәртібіндегі басты тақырып - «Қазақстан футболын дамытудың 2016-2026 жылдарға арналған бағдарламасын» талқылау. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты - Қазақстанда балалар мен жасөспірімдер футболы жүйесін жетілдіру, жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру және жарыс үдерісі жүйесін жақсарту.

Алматыда елімізде балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту жолдары талқыланып жатыр

«Футболды кәсіби тұрғыда дамыту үшін біз аталмыш бағдарламаның балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға арналған тарауын әзірлеп шықтық. Онда инфрақұрылымдарды және оқу-жаттығу үдерісін дамыту бойынша кешенді шаралар қарастырылған. Ал бұл, спортшыларды жаңа кәсіби деңгейге көтеруге мүмкіндік береді», - деді өз сөзінде Қазақстанның футбол федерациясының президенті Ерлан Қожағапанов.

Ол сонымен қатар, бүгінде елімізде балалар мен жасөспірімдер футболының екі бағытта дамып келе жатқандығын айтты. Олар: бұқаралық және кәсіби сипаттағы футбол.

Бұқаралық футболдың қарамағына балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, аулалық клубтар және әр түрлі футбол жарыстарына қатысушылар енсе, кәсіпқой футболға кәсіби футбол орталықтары мен өңірлік академиялар енеді

Балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің басты мақсаты - балаларды спортқа тарту, денсаулықты нығайту және дарынды жастарды анықтау.

Айта кетелік, бүгінгі таңда елімізде футбол бөлімдері бар 203 балалар-жасөспірімдер спорт мектептері жұмыс істейді. Оларда 1063 жаттықтырушы еңбек етеді және 36 мың бала футболмен шұғылданады. Қазақстан бойынша 16 футбол орталығы ашылған. Ал оларда 208 жаттықтырушы 5000-нан астам балаға футболдың қыр-сырын үйретеді.

«Футболшыларды бұқаралық түрде даярлауда футбол орталықтарының атқарар рөлі зор. Біз енді осы орталықтардың тиімділігін арттыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыратын боламыз», - деді Е. Қожағапанов.

Конференцияға Қазақстан футбол федерациясы өкілдерінен басқа, Премьер-Лига мен Бірінші лига клубтарының басшылары, жастар футболын дамыту бағдарламаларының жетекшілері, футбол орталықтарының жетекшілері, сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері, Қазақстанның «Жас Қыран» балалар мен жасөспірімдер футбол лигасы және Алматы мен Алматы облысының жеке футбол мектептерінің өкілдері қатысып жатыр.

Жиын барысында мамандар балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға қатысты мәселелерді ашық айтып, олардың шешу жолдарын ұсынып жатыр.

Конференция қорытындысы бойынша ұсынылған ұсыныстар Қазақстан футболын дамытудың 2016-2026 жылдарға арналған бағдаралмасының негізін құрайтын болады.

Конференция жұмысы одан әрі жалғасуда.