Алматыда еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму барысы талқыланды
АЛМАТЫ. 1 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Алматыда қала әкімі Ахметжан Есімовтың төрағалық етуімен еліміздің 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму барысын талқылауға арналған кеңес болып өтті.
Жиынға Алматы қаласы мәслихатының депутаттары, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, денсаулық сақтау, білім беру, қоғамдық ұйымдар мен этно-мәдени бірлестіктердің, бизнес- құрылымдардың өкілдері қатысты.
Кеңесте Алматы қаласының әкімі стратегия ережелері болашақта Қазақстанның ең дамыған, қуатты, халқының тұрмыс жағдайы жоғары мемлекет деңгейіне көтерілетіндігін атап өтіп :«Біздің қала экономикасы қарышты қадаммен дамуда, 2010 жылдың қорытындысы бойынша тұңғыш рет экономикаға қаржы бөлу көлемі артты. Осының арқасында өнеркәсіптік өндіріс көлемі 27 пайызға өсті, бұл бұрын-соңды болмаған жетістік», - деді Ахметжан Есімов.
Әкім сонымен қатар, Алматыда орта және кіші бизнестің тұрақты дамып отырғандығын, жұмыспен қамтудың 3%-ға өскендігін, өнім шығару мен қызмет көрсетудің 9%-ға артқандығын айтты. "Әлеуметтік салада да оң өзгерістерге қол жетті. Жұмыссыздық деңгейі 0,7% дан 0,4% -ға төмендеді. Жалақы 5% -ға өсті",-деді қала басшысы. Ол мегаполистің алдағы даму барысына да кеңінен тоқталып өтті.
2015 жылға дейінгі индустриалды-экономикалық даму барысын жүзеге асыра отырып, Алматыда жалпы өнім өндіру 30%-ға өсетін болады. Алатау ауданында индустриалдық аймақ құрылып, информациялық технология паркінің, индустриялды - инновациялық дамудың қарқыны өседі, ал өнеркәсіптің үлес салмағы 8-10%-ға артады. Инновациялық өнім шығару екі есеге ұлғаяды. Туристік қызмет көрсету 10%-ға өсетін болады делінді кеңесте.
Әкім денсаулық және білім беру саласындағы, тілдерді дамыту жөніндегі міндеттерге де тоқталды. Ол жоғары оқу орындарында инновациялық қыз- метті, әлеуметтік бәсекелестікті дамыту ісіне де ерекше көңіл бөлді.
Қала басшысы сондай-ақ, Алматы «Балапан» бағдарламасын дамытуда оң нәтижелерге қол жеткенін айта келіп, "2015 жылы бала бақшаның жетіспеушілігі мүлдем болмайды",- деді.