Алматыда ер адам өз пәтерінің терезесінен оқ жаудырды, бір ер адам көз жұмды
АЛМАТЫ. 25 маусым. ҚазАқпарат - Алматыда пәтерлердің бірінің тұрғыны өз терезесінен өтіп бара жатқан адамдарға оқ жаудырды, деп хабарлады қалалық ІІД-нің баспасөз қызметінен.
Өкінішке қарай, атыс салдарынан «мергенмен» көрші тұрған 34 жастағы ер адам қаза тапты. Ол бірнеше минут бұрын үйдің ауласына кіріп, көлігін тұраққа қойғаннан кейін, үйдің кіреберісіне бет алып келе жатқан болатын. Осы кезде атылған оқтың дауысы естілді. Оқ ер адамның басына тиіп, ол оқиға орнында көз жұмды.
«Біздің құрылымның қылмыстық полиция бөлімінің қызметкерлері, сондай-ақ «Боран-159» патрульдік экипажы ақпарат түскен соң, «мергенді» бірден анықтады. Ол бірінші қабатта орналасқан пәтердің 29 жасар иесі болып шықты. Ол атасынан қалған дүниесі - 12-ші калибрлі «ТОЗ 63» маркалы тегіс оқпанды аңшы мылтығымен қаруланған болды. Сондай-ақ алдын ала болжам бойынша, Р. есімді азамат қалалық психоневрологиялық диспансерде есепте тұр. Тергеу аясында ақпараттың дұрыстығын, сондай-ақ қылмыскерге ешқайда тіркелмеген қару қайдан келгендігін анықтайтын боламыз», - деп мәлімдеді Әуезов аудандық ІІБ-нің бастығы, полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына қамалды, ал қаруы сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді.