Алматыда еріктілер Ремизовка тұрғындарынан Сафар Шәкеевті іздестіруге көмектесулерін сұрады
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда еріктілер Ремизовка шатқалында тұратын тұрғындардан Сафар Шәкеевті іздестіруге көмектесулерін сұрады.
«Ремизовка шағын ауданында және соған жақын маңда тұратын алматылықтар! Егер үйлеріңізде бейнебақылау камералары бар болса, онда 16 шілде, яғни өткен сенбі күнгі бейнежазбаны қарауларыңызды сұраймыз. Әсіресе, таңғы сағат 07:30-дан 12:00-ге дейінгі аралықтағы уақытқа ерекше назар аударсаңыздар екен. Сондай-ақ, осы аумақтан өткен автокөлік жүргізушілерден бейнетіркегіштеріндегі жазбаларды өшірмеулерін сұраймыз. Бізге қолдау көрсетіп, көмек көрсетсеңіздер деп үміттенеміз», - деді Шәкеевтар отбасының досы Виктория Момынбаева.
Ол бұған дейін Сафар Шәкеевті іздеу жөніндегі штаб мекенжайының өзгергендігін хабаралған еді.
«21 шілдеде Сафар Шәкеевті іздеу жөніндегі штаб «Сұңқар» Халықаралық тұғырдан секіру кешені аумағына көшірілді. Таңғы сағат 10:0-де трамплин аумағына жиналамыз. Байланыс телефоны: +77079500091», - деп жазған болатын ол Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Қазір іздеу шарасына ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар жөніндегі Комитетінің Республикалық жедел-құтқару отрядының алты сүңуірі мен бір техникасы жұмылдырылған. Қазіргі сәтте іздеу жұмыстары Есентай өзенінің Шевченко көшесі мен Райымбек даңғылы аралығында жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі таңда белгілі қазақстандық композитор Еркеш Шәкеевтің ұлы Сафар Шәкеевті іздеу шарасына 170 адам қатысуда.
Осыған байланысты Алматы қалалық ІІД ресми өкілі Салтанат Әзірбек:
«Егер бірінші күні іздеу шарасына 50 полиция қызметкері жұмылдырылған болса, қазір жеті аудандық ішкі істер басқармасынан 10 адам және Медеу аудандық ішкі істер басқармасының 40 қызметкері келіп қосылды. Барлығы 110 полиция қызметкері мен 60 ерікті іздеу шараларын жүргізіп жатыр», - деген болатын.
Естеріңізге сала кетелік, 1991 жылы туған Сафар Шәкеевтің із-түссіз жоғалғаны жайлы арыз 16 шілде күні кешке 22:0-де келіп түсті.