Алматыда есіріткіге бақылау жасау саласындағы өңірлік ынтымақтастық мәселелері талқыланады
Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен дәстүрлі брифинг барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Шараға шет мемлекеттердің сыртқы істер министрлері мен ішкі істер министрлері және олардың орынбасарлары деңгейіндегі делегациялар қатысады. Сонымен бірге, жиынға халықаралық ұйымдар мен есірткіге қарсы құрылымдардың өкілдері және Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының донор мемлекеттері қонақ ретінде шақырылған. Жиын барысында есірткі айналымымен күресу, сұранысты төмендету және алдағы уақыттағы осы мәселелерге қатысты аймақтық ынтымақтастық мәселелері талқыланады, деп күтілуде», деді брифингте Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев.
Оның айтуынша, шара барысында Меморандумға қатысушылардың ауқымды жобасы болып табылатын Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығының инаугурациясын өткізу жоспарланған. Естеріңізге сала кетейік, 1996 жылдың мамырында Ташкент қаласында Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз өндірілуін, айналымын және теріс пайдалануын бақылау саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға Орталық Азия елдерінің сыртқы істер министрлері және БҰҰ Есірткі қылмысы жөніндегі басқармасының атқарушы директоры қол қойған болатын. Кейін меморандумға Ресей, Әзірбайжан және Ага Хан даму қоры қосылған.
Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығын құру туралы келісімге 2006 жылдың шілдесінде қол қойылса, 2009 жылдың қыркүйегінен бастап келісім күшіне енуі үшін қажетті рәсімдер жасалғаннан кейін Алматы қаласында Орталықтың штаб-пәтері орналасып, толыққанды халықаралық ұйым ретінде жұмысын бастаған болатын.