Алматыда ескірген үйлерді күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары жалғасуда
АЛМАТЫ. 4 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Бүгінгі күнге дейін ТҮКШ-ты қайта жаңғырту бағдарламасы аясында қалада 5 үй пайдалануға беріліп, 45-үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл жайында бүгін Алматы қаласы Тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділов аталған бағдарламаның бірінші кезеңінде жүзеге асып жатқан нысандарды аралау барысында айтты.
Үдемелі жобаға Бостандық ауданындағы Тимирязев-Байзақов- Ғабдуллин- Әуезов көшелері бойындағы тұрғын үйлер енген. Қ. Нұрқаділовтың айтуынша, бұл бағдарлама бойынша үйдің шатыры, кіре берісі, сыртқы келбеті толық жөнделмек. «Бағдарлама аясында 1961-1962 жылдары салынған көппәтерлі тұрғын үйлер күрделі жөндеуден өтеді. Ол үшін «Алматы тұрғын үй» МҚК арқылы 687,5 миллион теңге бөлінді. Жалпы, Бостандық ауданы бойынша 350 үй күрделі жөндеуден өтеді», -деп атап өтті Қ. Нұрқаділов.
Қаржыны алдын ала жинау тұрғындардан талап етілмеген. Атқарылатын жұмыс ауқымы құрылыс компаниялары мен жеке пәтер иелері кооперативтері, Тұрғын үй басқармасы өкілдерінің қатысуымен анықталған.
Тағы бір айта кетерлігі, осы іс аясында үйлердің кіре берісі жөнделіп, терезелері ауыстырылып, 22 үйде шамамен 77-ге жуық лифт жаңартылмақ.