Алматыда FIFA-ның Әлем кубогының Қазақстанға әкелінуіне қанша уақыт қалғанын көрсететін кері есептеу таблосы іске қосылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін Қазақстан футболында үлкен оқиға болып жатыр. Елімізге Әлем кубогы әкелінбек. Барлық аяқ доп жанкүйерлерін осы маңызды оқиғамен құттықтағым келеді», деді Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейілда Байшақов. Ал қалалық туризим, спорт және дене шынықтыру басқармасы төрағасының орынбасары Дәуке Жұматаевтың айтуынша, бұл Қазақстанның футболға деген көзқарасын және жанкүйерлерінің ыстық ықыласын білдіреді.
«Әлем кубогы сәуірдің 16-сы күні кешке арнайы чартерлік рейспен Алматыға әкелінеді. Оны қала әкімдігінің жауапты қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қарсы алады. Ал 17-сі күні ол Астанаға жол тартады деп жоспарланып отыр. Бұл шара кезінде қала тұрғындары мен қонақтары Халықаралық футбол қауымдастықтары федерерациясының Әлем кубогын көзімен көріп, суретке түсу мүмкіндігіне ие болады», дейді Әлем кубогының дүниежүзі бойынша салтанатты шеруін ұйымдастырушы Кока-Кола компаниясының ресми өкілі Арыстанбек Нұрмаханов.