Алматыда грек-рим күресінен ел чемпионаты аяқталды

АЛМАТЫ. Сәуірдің 12-cі. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Кеше Алматыда грек-рим күресінен ересектер арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті,

Алматыда грек-рим күресінен ел чемпионаты аяқталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Достық спорт кешенінде өткен бұл дүбірлі дода екі күнге созылды. Жарыстың алғашқы күні 55, 66, 84 және 120 келіде белдесетін 85 балуан сайысқа түсті. Онда өз салмақтарында - Асхат Құдайбергенов (Ақмола облысы), Елдар Қайратов (Астана), Алхазур Оздиев (Алматы) пен Марғұлан Әсембеков (Алматы облысы) чемпион атанды. Ал кеше 60, 74 және 96 келідегі 60 балуан өз салмақ дәрежелері бойынша үздіктерді анықтады. Тартысты өткен белдесуде Марат Кәрішалов (Оңтүстік Қазақстан облысы), Әсет Әділов (Ақтөбе облысы), Жасұлан Садықов (Алматы) алтын медалдің иегерлері атанды.

Жарыстың жалпы қорытындысында командалық есепте ақтөбеліктер топ жарды (2 алтын, 1 қола). Ал үздік үштікті Алматы қаласы (2 алтын) мен Оңтүстік Қазақстан облысының (1 алтын, 1 күміс) командалары түйіндеді.