Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Алматыда гүл және көкөніс шаруашылығы көрмесіне 100-ден астам компания қатысты (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда «Атакент» Іскерлік ынтымақтастық орталығында «Жылыжайлар. Көкөніс шаруашылығы. Жер суару», «Алматы гүлі-2016» 8-ші Халықаралық көрмесі ашылды.

Алматыда гүл және көкөніс шаруашылығы көрмесіне 100-ден астам компания қатысты  (ФОТО)

Оған әлемнің 12 елінен 100-ден астам компания қатысуда. Олардың арасында Голландия, Франция, Испания, Эквадор, Колумбия, Израиль секілді елдерден келген белгілі компаниялар бар.

Олар көпшілік назарына жылыжайлық технологияларды, көкөніс сақтау жүйесін, тамшылап суару және жылуды реттеу, сұрыптау және қаптау жабдықтарын, құрал-саймандар және басқа да көптеген заманауи технологияларды ұсынды.

«Аграрлық сектор Қазақстан үшін айрықша маңызға ие және жұмыспен ең көп қамтылатын сала. Сондай-ақ, аграрлық сектор болашақта экономиканы әртараптандырудың басты көздерінің біріне айналатын болады. Бұл жерде жылыжай саласын дамыту - өнімдердің көлемі мен сапасын арттыруға септігін тигізеді», - деді Алматы қалалық Ауыл шарупашылығы басқармасы бастығының орынбасары Мақсат Рахметов.

Ол сонымен қатар, көрмеге экологиялық жағынан таза өнімдерді өсіруге арналған энергия үнемдеуші инновациялық технологиялардың қойылғандығын атап өтті.

«Бұл көрменің дәстүрлі форумға айналғаны, отандық және шет елдік компаниялар тарапынан қолдауға ие болғандығы көңілге қуаныш ұялатады», - деді М. Рахметов.

Сонымен қатар, көрме барысында «Қазақстанның қорғалған топырағы-2016» тақырыбында семинар өткізу жоспарланған. Оған ауыл шаруашылығы құрылымдары, қаржыландырушы ұйымдар және жылыжай комбинаттарының өкілдері қатысып, Қазақстанда жылыжай саласын дамыту мәселелерін талқылайды.

Көрме ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Индустрия және сауда министрлігі, «ҚазАгро» Ұлттық Холдингі» АҚ, «Қазагрофинанс» АҚ қолдауымен өткізіліп жатыр және 23 сәуірге дейін жұмыс істейді.

null null null null null null null null null null null null